Медиа ресурстар
ГЕОГРАФ-ҒАЛЫМ АРМАН ЖҰМАҒАЗИЕВТІҢ ЕҢБЕКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Жаңалықтар

ГЕОГРАФ-ҒАЛЫМ АРМАН ЖҰМАҒАЗИЕВТІҢ ЕҢБЕКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Жер-су атауларынан ел жадына дейін: география, топонимика және өлкетану мәселелері» атты ғылыми семинар өтті. Жиында географ-ғалым Арман Жұмағазиевтің авторлық еңбектері таныстырылды.

Ғылыми семинардың мақсаты – география, топонимика және өлкетану бағыттарындағы зерттеулердің маңызын таныту, туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу және жер-су атауларының тарихи, географиялық әрі танымдық мәнін насихаттау.

Іс-шараға ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Алтынбасов Бақыт Өмірханұлы, Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрағасы, профессор Аққали Ахмет, университет ғалымдары Өтепберген Бисенов, Сағынгерей Аймуратов, Өмірбек Бекежан, Айдар Сабыров, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Ерлан Тілекқабылов, саяхатшы әрі тревел-блогер Берік Есенғалиев, «Atyrau Nomads» клубының негізін қалаушы Ерлан Торалиев және Атырау облысы туристік ақпараттық орталығының («Visit Atyrau») директоры Қайсар Махсутов сынды белгілі азаматтар қатысты.

Семинар барысында географ-ғалым Арман Жұмағазиевтің «Бозай ұрпақтары», «Құрманғазы ауданының жер-су атаулары» атты ғылыми-танымдық еңбектері, сондай-ақ «Физикалық география» және «Карта бетіндегі географиялық топонимдер» атты оқу құралдарының тұсаукесері өтті.

Аталған еңбектерде туған өлкенің тарихы, географиялық ерекшеліктері, жер-су атауларының қалыптасуы мен маңызы, ұлттық мұра мен ұрпақ сабақтастығы мәселелері қамтылған. Кітаптар мен оқу құралдары географиялық білімді тереңдетуге, өлкетану бағытындағы зерттеулерді дамытуға және өңірдің тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен танытуға бағытталған.

Семинар барысында сөз алған ғалымдар мен қатысушылар автордың еңбектеріне қатысты өз пікірлерін білдірді. Олар ұсынылған кітаптардың ғылыми-танымдық маңызын, мазмұндық ерекшеліктерін, өңір тарихы мен географиялық мұрасын зерттеудегі құндылығын атап өтіп, жоғары бағалады. Сондай-ақ еңбектердің білім алушыларға, жас зерттеушілерге және өлке тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға берері мол екенін жеткізді.

Ғылыми семинар география ғылымын, топонимикалық зерттеулер мен өлкетану бағытындағы ғылыми ізденістерді дамытуға, сондай-ақ туған жердің тарихи-мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шара болды.