Халел Досмұхамедов туралы

Халел Досмұхамедов туралы

Халел Досмұхамедовтың өмірі мен шығармашылығына арналған екі тілде вебсайты (қазақ, ағылшын) - https://www.dosmukhameduly.kz/ .

Х.ДОСМҰХАМЕДОВ – АЗАМАТ, ҚАЙРАТКЕР, ҒҰЛАМА

Халел Досмұхамедұлы Досмұхамедов – Машақов 1883 жылы 24 сәуірде Атырау облысы (бұрынғы Гурьев) Қызылқоға ауданының Тайсойған құмындағы Жарыпшыққан өзенінің бойында дүниеге келді.
Халелдің әкесі Беріш тайпасының Жайық руынан тарайтын Тумаш атасынан өрбіген Байнақтың (1783-1885 жж.) баласы Машақ (1850-1909 жж.) пен анасы Әйкен заманының парасатты адамдары болды.
Ауыл молдасынан сауат ашқан Халел Ойыл (Көкжар) қаласындағы бір кластық орыс-қырғыз училищесінде бастапқы білім алып, содан кейін Орал қаласындағы реалды училищені 1903 жылы ойдағындай үздік бітірді. Сол жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық Әскери-медицина Академиясына түсіп, оны 1909 жылы 17 қарашада үздік белгігі емші (лекарь с отличием) дәрежесімен бітіріп шықты.
Академияда үздік оқыған Халел статский советник Адиунгтің және теңіз ведомствосының стипендияларын алып тұрды.
1909 жылғы 8 мамырдан 31 тамызға дейін Пермь губерниясы Чердынь уездік Земствосының Морчань учаскесінде және қабылдау бөлімінің дәрежесінде екі бірдей жауапты жұмысты қатар атқарды. Бұл  қазіргі жоғары оқы орындарын бітірушілердің өндірістік тәжірибе жұмысына сәйкес келеді.
1909 жылы 29 қарашада №51 бұйрықпен 2-ші Түркістан атқыштар батальонының кіші дәрігері қызметіне бекітіледі. Бұл бөлімде  1910 жылдың сәуіріне дейін әскери қызметін атқарды.
1910 жылдың 18 сәуірінен 1913 жылдың 5 наурызы аралығында Орал қазақ әскерінің 2-ші әскери бөлімі орналасқан Ілбішін, Калмыков қамалдарында кіші дәрігер, кейін аға дәрігер лауазымында әскери міндетті қызметін өтеп, азаматтық жұмысы бабына босатылады.
1913-1919 жылдар аралығында ресми түрде Темір уезінде бөлімшелік дәрігер болып қызмет атқарды.
1905-1907 жылдардағы бірінші буржуазиялық орыс рволюциясының әскерімен Орал қаласында өткен бес облыстың 1905 жылғы делегаттық съезінде қазақ тарихында тұңғыш құрылған саясм ұйым – «Қазақ контитуциялық демократиялық партиясының» Орталық комитетінің мүшелігіне сайланды.
1917 жылы 19 сәуірде Орал қаласында өткен қазақтардың облыстық съезінде құрылған Орал облыстық қазақ (қырғыз) комитетінің төрағасы болып сайланды.
1917 жылы 21-28 шілдеде, 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен Жалпы қырғыз (қазақ) съездеріне қатысып, соңғы съезде құрылған «Алаш-Орда» үкіметінің Халықтың-Республикалық Советінде кеңес өкіметі орнағанға дейін Земстволық бастығы болды.
1918 жылы мамыр-көкек айларында Ленин мен Сталиннің қабылдауында Жанша Досмұхамедұлы екеуі болып, Қазақстан автономиясын құруға рұқсат және ақшалай 12 миллион сом қаржы алды.
1918 жылы мамыр айында, дербес «Ойыл уақытша үкіметін» құрды.
1918 жылы 11 қыркүйекте «Ойыл уалаятының уақытша үкіметі» таратылып, оның орнына «Батыс Алашорда бөлімшесі» құрылып, оны басқару Жанша және Халел Досмұхамедовтерге жүктеледі.
1920 жылды басынан бастап «Алаш-Орда» үкіметі ресми түрде өзінің өмір сүруін тоқтады. Осы кезден бастап Халел жаңа үкіметтің жұмысына таратылады.
1920 жылдан бастап Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болып және Орал Азия Университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметтерін қатар атқарады.
1921 жылы Түркістан республикасы Ғылыми комиссияның төрағасы, 1922 жылдан бастап Денсаулық сақтау Халық комиссартиатының коллегия мүшесі, 1924 жылдың 20 қарашасынан бастап Денсаулық сақтау Халық Комиссариатының Емдеу-Санитарлық бөлімінің меңгерушісі, осы жылдың 18 сәуірінен бастап оба індетіне қарсы күресу Оталық Комиссисының төрағасы жұмыстарын атқарды.
1923 жылы «Талап» қауымының мүшесі және «Сана» журналының бас редакторы, 1925 жылдан бастап Қазақ Мемлекеттік Баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі болып істейді.
1926 жылы Қазақ педагогикалық институты ректорының орынбасары, 1927-1928 жылдары Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, 1929 жылғы 1 қазанға дейін Университеттің проректоры болып жұмыс істеді.
Халел Досмұхамедұлы 1924 жылы Россия акадеиясының Орталық өлкетану бюросның мүше корреспонденті болып сайланды. 1927 жылы доцент, 1929 жылы профессор құрметті атақтары берілді.
Ол Ғалым Академиясы жанындағы Өлкетану орталық бюросының корреспондент-мүшесі, Қазақстанды зерттеу қоғамының мүшесі,  Рабпрос одағының ғылыми қызметкерлер секциясының мүшесі, Қазақстан үкіметі жанындағы терминология комитетінің төрағасы сияқты көптеген қоғамдық жұмыстарды атқарды.
«Қызыл террордың» салдарынан 1930 жылы 14 қыркүйекте Воронеж қаласына жер аударылды. 1935 жылы 15 қыркүйекте жазасын өтеп болғаннан кейін сол Воронеж қаласында 1938 жылдың 28-шілдесіне дейін Воронеж қаласындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды ұйымдастыру кафедрасында сабақ беріп, қалалық поликлиниканың клиникалық лабораториясының меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1937 жылдың зұлматы Халелді 1938 жылы 28 шілдеде Воронеж қаласында тұтқындап, 1939 жылы 23 көкекте Алматы ұаласында ату жазасына үкім шығарды.
Халелдің зайыбы Сағира Жұмағалиқызы. Балалары – Рабиға (1909), Әділхан (Әлихан) (1912), Сәуле (1913), Қарашаш, Төле, Дәметкен (1928) – «халық жауының» балалары ретінде өмірдің қатігездігі мен қиыншылықтарын бастан кешіп, қабырғалары қайыспай, тағдырларына жазықсыз душар қылған мұң мен зарды қасқая тұрып, қарсы алып, асыраушы да, демеуші де, сүйеуші де, ақылшы да бола білген анасы Сағираның арқасында білім алып, халқына адал еңбек еткен шын мәніндегі асқақ жандар.

 

 

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ – ҒАЛЫМ-ДӘРІГЕР

 

Халел Досмұхамедұлы Россияның оңтүстігі мен Қазақстанның бастыстан жайлаған оба ауруына қарсы жан аямай күрес жүргізді.

Ол Ілбіші, Темір, Тайсойған аймағының халқын оба індетінен түгел қырылып қалу қаупінен аман алып қалуға зор үлес қосты.

1914 жылдан бастап «Қазақ» газетінің бетінде түрлі аурулардан сақтанудың шаралары, әр дерттің өзіне тән белгілері, емделу жолдары мен қолданылатын дәрі-дәрмектердің түрлері жөнінде егжей-тегжейлі мағұлматар берген ондаған мақалалары жарыө көрді.

«Қазақ» газетінің 1994 жылғы №60, №602 6-сандарында оның «Жұқпалы аурулар» атты көлемді мақаласы жарияланды.

Обаға қарсы жүргізген жұмыстарының негізінде жазылған «Как боротьсяя с чумой среди казахского населения» атты көлемді еңбегі (128 бет), 1924 жылы Ташкент қаласындағы баспадан шықты.

Халел 1920 жылдан бастап Ташкенттегі Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасында ординатор қызметін атқарды.

Ол педагогтік қызметімен бірге Қазақ АССР халық денсаулығын сақтау комитетінде жоспарлау ұйымдастыру басқармасының меңгерушісі міндетін атқарды.

Х.Досмұхамедұлына 1927 жылы доцент, 1929 жылы профессор атағы берілді.

1930 жылы қыркүйек айында Воронеж қаласына жазықсыз жер аударылған ғалым-дәрігер қаладағы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында әлеуметтік гигиена және денсаулқ сақтауды ұйымдастыру кафедрасында 1937 жылға дейін еңбек етеді.

 

 

ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ – ТАРИХШЫ

 

Халел Досмұхамедұлы 1923 жылы Ташкентте Әбубәкір Диваев жинаған «Кенесары-Наурызбай» жырына түсінік жазып, жеке кітап етіп шығарады. Халел бұл кітапқа үлкен зерттеу деректер негізінде түсінік берген. Ондағы көздеген мақсатын төмендегіше баяндайды:

«Кенесары-Наурызбай» дастанын шығарған ақын Нысанбайдың дастаны баспаға басылмағандықтан бұл дастан ел ішінде әртүрлі болып, өзгертіліп айтылып жүр. Әсіресе, Түркістан арасындағы айтуында көп қателіктер бар. «Ел ішіндегі айтылып жүрген өлеңдердің көбі қырғызды жамандап, мұқатып, кемітіп орынсыз қазақты мақтайды, екі рудың арасына орынсыз ала көңілдік кіргізеді», - дейді.

А) Нысанбай сөзінің дұрыстығын беру;

Ә) Мектептер үшін тарихи поэманың жақсы үлгісін беру;

Б) Бұл поэманың бізге жету шежіресін келтіру;

В) Ел әдебиетінен жиналған сөздерді бастырып шығарудың үлгісін көрсету;

«Кенесары-Наурызбай» поэмасында кездесетін адамдардың, жердің аттарына, түсініксіз сөздерге шолу берілген. Абылай хан, Қасым хан, енесары туралы қысқаша тарихи баяндама берген.

Ғалым бұл шолуды жасағанда, біріншіден, Шәкәрім тарихын, Ахмет төре Кенесарыұлының «Кенесары Сыдық төре туралы», Түркістан, Жетісу орыс тілінде жазылған көп кітаптарды пайдаланған. Екіншіден, Қоңырқожа Қожықұлының Мұхамметжан Тынышбайұлының, Жаңқараш немересі Сатарқұл Диқанбайұлының, Ишанғали Аралбайұлының, Кенесары немересі Әзімхан Ахметұлының және т.б. азаматтардан алынған мағұлматтарды пайдаланған.

Ғалым ХУІІІ-ХІХ ғасырдағы «қазақтың қозғалысының ең күштілері» - Сырым, Исатай-Махамбет, Кенесары Қасымов қозғалысын зерттеп, «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағұлмат» деген тарихи еңбегін жазды.

Ғалым «Исатай көтерілісінің соңы – 69-70 жылдағы ауа. Бір өшіп, бір сөніп, Исатайдың жаққан оты қырық жылдай тұтанды. Ақырында ауада жалпылдап тағы жалындады...

....Көтерілгендерінде де бірлік болмады: бүтін кіші жүзге бас болаларлық бір адам шыға алмады. Алаша, Сейіл, Байбақты, Беркін, табын Алдаш, Дәуіт, шекті Есет, адай Иса секілді көтеріліске бас болған адамдар өз руынан жоғары көтеріле алмады, қанатын кең жаюға бірініңң де қолынан келмеді» - деп кіші жүздегі бір ғасырға жуық созылған бұқара халықтың көтеріліс тарихына және оның қорытындысына ғылыми дәйектеме береді.

 

ХАЛЕЛ – ӘДБИЕТШІ, ФОЛЬКЛОРИСТ, ЭТНОГРАФ

 

Ғалым тамаша зерттеушілік қабілетімен «Шернияз шешен» (1925), «Бұхарадағы Көгілташ медресесін салу туарлы әпсана» (1927), «Самарқан қаласындағы «Тіллә-қари мен «Ширдар» медреселерін салғызған Жалаңтөм батыр шежіресі» (1926) атты еңбектері фольклорлық ағыздар мен тарихи, этнографиялық деректерді шендестіре қарап, халқымыздың көне тарихын зерттеуге өзіндік жол салды.

Халелдің фольклорлық тану саласындағы еңбектерінің ең шоқтығы биігі «Қазақ халқының әдебиеті» (1928) очеркі. Мұнда ол ауыз әдебиеті түрлерін  тамаша жіктеген. Ол-фольклорды этнографиялық мәліметтермен біртұтас қарауды түсінген алғашқы ғалым. Бұл шығарманың қазіргі ұлтымыздың слт-санасы қайта орала бастаған кездегі маңызы бұрынғыдан да құнды болса түсуде.

Ғалымның «Сана» журналының (1924ж. №2-3) сандарында жарияланған «Аруақтармен айтысу» атты ауыз әдебиетінің сирек кездесетін үлгісін жарияласа, кейін осы айтыстың ең ежелгі түрінің шығу тегі, генезисі туралы өз болжамын білдіруі де ғылым үшін өнеге.

 

ХАЛЕЛ – АУЫЗ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҮЛГІЛЕРІН ЖИНАП, РУХАНИ ҚАЗЫНАМЫЗДЫ БАЙЫТТЫ.

 

Ол өзі жинаған материалдар негізінде «Мұрат ақын сөздері» (1924), «Аламан» (1926), «Исатай-Махамбет» (1925) кітаптарын алғы сөз мен түсініктерін жазып, бастырып шығарды. Аталған үш кітап Махамбет, Мұрат, Ығылман, Қалнияз, тағы басқа көптеген ақындар мұраларын қайта бастыру, зерттеуге байланысты кең пайдалынылып келеді. Елінің елдігі үшін халқының рухын асқақтата көтеріп, жол бастаған Исатай мен Махамбет сынды батырлардың есімдерін ең алғаш рет ардақ тұтып, сөзден ескерткіш орнату, сол арқылы күллі қазаққа таныстырудың абыройлы үлесі де Халелдің еншісіне тиді. Оның 1924 жылы «Сәуле» журналының («Қазақ әдебиет – білім құрасымы» №3 «Ақжол» газетінің 416-шы санына қосымша) бетінде жарияланған. «Қазақ батырлары: Исатай мен Махамбет» деген шағын мақаласы бар.

 

ХАЛЕЛ – МАХАМБЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ

 

Ол «Махамбет батыр» атты шағын зерттеу еңбегінде батырдың шыққан тегін баяндай келіп, «Махамбеттің өзі әрі батыр, әрі жырау, әрі домбырашы болған», - дейді. «Өте қызулы адам болған екен. ....Махамбет көпті қыздырып, көңілін аударып ертетін адамның түрі болған».

Махамбеттің жыраулығы күшті болған. Көбі жойылған. Халел «ел арасында сақталған» сөздерінен «Мұрат ақыннан жазып бергенін» алған. Ғалым қолындағы «нұсқаларды салыстырып құрастырғанда, баптарға бөлгенде бала күнінен осы сөзге құлағы қанық Махамбеттің еліндегі ақсақал, қарасақалдарына тыңдатып, солардың дұрыс дегенін пайдаланған».

Оның қазақ батырлары: «Исатай-Махамбет», «Махамбет батыр» атты зерттеулерінде қос арысты дүниеге әкелген туып-өскен ортасы, тұқым-зәузаты, елдің саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілігі, патша үкіметі мен Жәңгір ханның екі жақты қанауына қарсы қол бастап, азаттық үшіг халқын қарулы көтеріліске бастаған, сол жолда жанпида болған батырлар туралы жан-жақты баяндаған.

Ол 1924 жылы Ташкентте «Мұрат ақын сөздері» кітабын шығарған. Кітаптың алғы сөзінде: «Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін тастай алмайды.

Мұрат бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын, әдебиет тарихына Мұраттың сөздерінің керектігі шексіз нәрсе», - деп тұжырым жасаған.

Кітаптағы «Үш қиян», «Сарыарқа» дастандарындағы және ол жырлаған «Қазтуған», «Шалгез», «Әттең бір қап дүние-ай», «Қарасай-Қази» жырларында кездесетін 248 атауларға, олардың ішінде 62 адам есіміне, 186 жер-су аттарына түсініктер беріп, олардың жағрапиялық орындарын көрсетуі, Халелдің топонимиканы жетік білетіндігінің дәлелі болса керек.

Халел халқымыздың шежіресін жасауда үлкен қызмет атқарған. Кіші жүздің, оған кіретін Әлім (Әлімұлы) байұлы, жетірудың бірігіп, алшын болып аталатынын, елдің халқы өздерін «үш алшын» деп атайтынын жазған.

Ғалым бұдан әрі Кіші жүзді қоныстанған жиырма бес атаны түгендеп, әр рудың Қазақстанның қай жерлерін қоныстандығын және олардың ұрандарын көрсеткен.

 

ХАЛЕЛ – ЛИНГВИСТ

 

Х.Досмұхамедұлы – қазақ тілі терминлогиясының негізін салған, оның фонетикасы мен емлесін, әдеби тіл, әдебиет тілі, түрік тілдерінің тарихы туралы ғылыми талдаулар жасап, артына өшпес мұра қалдырған лингвист-ғалым.

Ғалым 1924 жылы Ташкентте «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингормонизм заңы» атты кітабын бастырып шығарды. Ол бұл еңбегінде «Сингормонизм деген сөз, қазақша айтқанда, үндестік, ұқсастық деген мағынада».

«Сингормонизм түрік тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті...Біз «дауыстылар гормониесі» дегеннің орнына дыбыстар гармониесі деп айтқанды дұрыс көреміз. Қазақ-қырғыз тілінде сингормонизм заңына көнбейтін сөз, сөз өзгерісі жоқ» - деген тұжырымдар жасаған.

Халел – халқымыздың рухани дамуының ғылыми бағдарламасын жасап, іске асырушы. 1923 жылы Түркістан автномиялы республикасының астанасы Ташкентте «Талап» қоғамы құрылды. Осы қоғамның алты толық мүшесінің бірі болып Халел Досмұхамедұлы енді. Осы  қоғам өз жұмысында ауқымды, кезек күттірмейтін, халық үшін ең зәрі төмендегідей үлкен міндеттерді атқарды:

А) Қазақ-қырғыз халқының әдебие тілін, ғылым атауларын (терминологиясын), емлесін, басқа мәселелерін тексеру;

Ә) Сәулет өнерін (искуство) тәптіштеу;

Б) Қазақ-қырғыз халқының тарихын һәм саясатын тексеріп қарастыру;

В) Қазақ-қырғыз мектептерінде оқыту мәселелерін реттеп жөнге салу;

Г) Қазақ-қырғыз халқының білім қызметкерлеріне һәм өнер қайраткерлеріне жәрдемдесу.

Халел Досмұхамедұлы «Қазақ-қырғыз халқының мәдени өркендеуіне жәрдем» келтіру үшін жоғарыда аталған мәселелердің өмірде шешімін табуға атсалысып қана қойған жоқ, осы жұмыстың ең ауырын жеті жыл бойы өзі атқарды. Сөйтіп, туған халқына мәдениет шамшырағының шұғылалы нұрын төкті.

 

ХАЛЕЛ – ҒАЛЫМ ПЕДАГОГ, ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІ МЕН ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

 

Халел 1920 жылдан бастап Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болып жұмыс істеді.

1923 жылы Түркістан республикасының қарамағындағы ғылыми кеңестің төрағасы болды.

Сол жылдан бастап «Қырғыз-қағаз білім комиссиясына» жетекшілік етті. Қазақ-қырғыз халқының мәдениетін дамыту мақсатымен құрылған «Талап» қауымының негізін қалаушылардың бірі болды.

Т.Жүргенұлы, С.Садуақасұлы бастаған қазақ қайраткерлерімен бірлікте ұлттық жоғары оқу орындарының қажеттігін дәлелдеп сөз сөйлеп, мақалалар жазды.

1929 жылы қазан айында Ташкенттегі пединституттың негізінде Алматы қаласында Қазақ Мемлекеттік университеті ашылды (қазіргі ҚазПУ). Халел бұл оқу орнын ұйымдастыру белсене араласып, оның тұңғыш проректоры болып тағайындалды.

Халел 1924 жылы Ресей академиясының Орталық Өлкетану бюросының мүше-корреспонденті болып сайланды. 1927 жылы оған доцент, 1929 жылы профессор атағы берілді.

Сол кезеңде жер-жерде қаулап ашыла бастаған қазақ мектептерінің жаңа жүйесін құруға, ұлттық тілде оқулықтар дайындауға, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Омарханұлы Әуезов және тағы басқалардың психология, педагогика, әдебиет оқулықтарын жазуына үлкен ықпал жасады. Халел пдагогикалық ағарту жұмыстарын қазақ тіліндегі оқулықтар шығару ісімен шебер ұштастырды, ана тілінде жаратылыстану ғылымының оқулықтарын жазды.

Халел 20-шы жылдары қазақ еліне ғылым мен білім беру жолында игілікті жұмыстар істеді. Қазақ даласында көшпелі мектеп-интернаттар ашу, оқу құралдарын шығару, мұғалімдер даярлау және сан-салалы ғылым түрлерінің дамуына мұрындық болды.

 

ХАЛЕЛ – АНА ТІЛІМІЗДЕ ТҰҢҒЫШ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ОҚУЛЫҚТАРЫН ЖАЗҒАН ҒАЛЫМ

 

Ғұлама ғалым ана тіліндегі жаратылыстану ғылымының бастау кезіндегі алғашқы тырнақалды еңбектерді жазу үстінде алдына қойған мақсаттардың жауапкершілігі туралы былай дейді:

«Қазақ тілінде бұған дейін Ахметтің «Тіл - құралынан» басқа ешбір ғылым жайында жазылған кітап болмады. Алдымызда үлгі болмаған соң, ғылым кітабын жазу деген өте қиын болды. Қазақ тілі ғылым жолына шалынбаған, сөздері ғылым ретіне қарай жөндікпеген тіл. Сондықтан қазақ тілін ғылыммен таныстырып, ғылым жолына салатын заман келді. Ғылымды өз тілімізге аударғанда, ең керегі ғылым тіліндегі атауларды (термин) дұрыстап, түсінікті қылып аудару. Ғылым тіліндегі қолданылған атауларды қазақ тіліне дұрыстап түсінікті қылып аудару өте қиын жұмыс. Ғылым атауларына келісті ат тағу деген алғашқы уақытта қиын болса да, өте мұқтаж нәрсе...Сондықтан алғашқы жазылған кітаптарда әсем қылып, сөздің жүйесін келтіріп жазудан гөрі, ғылым атауларына лайықты атақ тағу жағын қарастыру керек дейміз».

Осы алғашқы аса жауапты да, күрделі де, қиындығы да мол игілікті жұмысты қазақ тарихында тұңғыш рет Х.Досмұхамедов дүниеге келтіріп, қазақ оқырмандарына ана тілінде жаратылыстану ғылымының төл шығармаларын оқып меңгеруіне жағдай жасады. Оның «Жануарлар» атты кітабының бірінші басылымы 1922 жылы Ташкентте 35000 данамен жарық көрді. Кейін осы кітап 1927 жылы Қызылорда, Мәскеу қалаларында екінші рет басылды. Одан кейінгі кітаптары «Табиғаттану» (1922), «Оқушылардың саулығын сақтау» (Ташкент, 1925), «Адамның тән тірлігі» (Қызылорда-Мәскеу, 1927), «Адамның тән тіршілігі» (қазақша-орыша жаратылыстану сөздігі), «Сүйектілер туралы» (1928).

 

 

ХАЛЕЛ – ЖУРНАЛИСТ, АУДАРМАШЫ, БАСПАГЕР

 

1913 жылдан бастап Халел қолына қалам алып, баспасөзге араласты. Ол осы кезде «Орал», «Пікір», «Қазақ» газеттеріне үзбей мақалалар жазып тұрды.

Халел «Шолпан», «Ақжол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет-журналының беттерінде тіл, халық ағарту, тарих, дәрігерлік-емшілік мәселелері туралы ғылыми маңызы зор мақалалар жазды. Ол қырғыз-қазақ комиссиясы жанынан «Сана» журналын шығарып, оның рекдакторы болды.

1923 жылы Түркістан мемлекеттік ғылыми баспасының бөліміне жетекшілік етті.

Халел профессор Поливановпен бірге «Сұлтан Кенесары тарихына қосымша материал» кітапшасына (1923) және «Қыз Жібек» (1923), «Кенесары-Наурызбай» (1923) жыр кітаптарын редакторлық етіп, баспаға дайындады.

1923 жылы «Қазақ-қырғыз комиссисының» жанынан «Сана» журналын ашты және оның шығарушысы өзі болды. «Сана» халыққа білім беруде алдына елу екі бағытта жұмыс істеуді мақсат еткен және ның көпшілігін орындаған.

Ол сонымен қатар ғылым-танымдық өресін кеңейту мақсатында Ю.Вангердің «Рассказы о том, как устроено и работает наше тело» (Денелеріміздің түзелуі мен жұмыс қылуы, 1924), «Рассказы о том, как живут и устроены растения» (Өсімдіктердің тіршілігі мен түзелуі туралы әңгімелер, 1924) кітаптарын аударды. Өзі 1918, 1924 жылдары «Как бороться с чумой среди казахского населения» деген кітабын орыс тілінде жазды.