Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде күй өнерінің көрнекті өкілі, әйгілі күйші-композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына арналған «Дина – дара дәстүр» атты лекция-концерт өтті.
Тағылымды іс-шараны «Музыка және өнер» кафедрасының оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі, Дина Нұрпейісова атындағы V республикалық «Бұлбұл домбыра» қыз-келіншектер сайысының Бас жүлде иегері Нұрай Зинор ұйымдастырды.
Лекция-концерттің негізгі мақсаты – Дина Нұрпейісованың мол шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, ұлттық күй өнерінің құндылығын жас ұрпақтың санасына сіңіру және білім алушылардың орындаушылық шеберлігін жетілдіру.
Кеш барысында жас домбырашылар күй анасының тағылымға толы туындыларын орындап, көрермендерді күй құдіретімен сусындатты. Сонымен қатар әр шығарманың дүниеге келу тарихы, мазмұны мен көркемдік ерекшелігі туралы танымдық мәліметтер ұсынылды. Осылайша музыкалық орындаушылық пен тарихи деректер өзара сабақтасып, кештің мазмұнын тереңдете түсті.