Медиа ресурстар
ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ
Жаңалықтар

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Заң мен тәртіп қағидаты аясында «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараны Экономика және құқық факультеті мен Жастар саясаты департаменті бірлесіп ұйымдастырды.

Жиынның басты мақсаты – жастарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардаптарын түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қиын жағдай туындаған кезде көмекке жүгіну жолдарын таныстыру. Сонымен қатар кездесуде адамның жеке шекарасын құрметтеу, қауіпсіз қарым-қатынас орнату және отбасында өзара түсіністік қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шараға облыстық Жастар мәслихатының II шақырылым депутаты, Атырау облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, жеке кәсіпкер Усила Арманқызы, Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың заңгері Ғарифулла Түрекешов және университеттің Психологиялық қызмет орталығының маманы,  білікті психолог Анар Сагинбаева қатысты.

Кездесу барысында мамандар зорлық-зомбылықтың тек күш қолданумен шектелмейтінін, оның психологиялық қысым, қорқыту, кемсіту, бақылау және экономикалық тәуелділік түрінде де көрініс табатынын түсіндірді. Қатысушыларға мұндай жағдайдың алғашқы белгілерін дер кезінде байқау, өз құқықтарын қорғау және тиісті мамандар мен мекемелерден қолдау алу жөнінде практикалық кеңестер берілді.

Спикерлер мәселені үнсіз қалдырмаудың маңызын атап өтіп, қауіп төнген жағдайда жақын адамдарға, құқық қорғау органдарына, психологтер мен әлеуметтік қызмет мамандарына жүгіну қажеттігін айтты. Сондай-ақ адамның қауіпсіздігі мен қадір-қасиеті әрқашан басты орында болуы керектігіне тоқталды.

Ашық сұхбат форматында өткен жиында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау жөнінде мамандардың пікірін тыңдады.