Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Жаңа Конституция: білім, ғылым және инновация – ұлттық басымдық» тақырыбында Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Алқалы жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен құрылымдық бөлім басшылары қатысты.
Жиынның бірінші бөлімінде Жаңа Конституцияның негізгі бағыттары мен құқықтық қырлары талқыланды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сайпулла Сапанов Конституцияның тарихи маңызы мен қоғам дамуындағы рөліне тоқталды. Заң ғылымдарының кандидаты, профессор Жанна Шаяхметова жаңа Конституциядағы құқықтық мәселелер, адам құқығы мен бостандығына берілетін кепілдіктер туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ, Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов «Жаңа Конституция: Білім, ғылым және инновациялар – ұлттық басымдық» тақырыбында сөз сөйлеп, жоғары білім беру жүйесіндегі басым бағыттар мен университеттің даму перспективаларын атап өтті. Кеңес барысында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев сөз алып, Конституция жобасына қатысты өз пікірін білдірді. Профессор Жаңа Конституцияда еліміз үшін маңызды құжат екендігін жеткізді.
Жиынның екінші бөлімінде 2025 жылдың қорытындылары мен алдағы стратегиялық міндеттер қарастырылды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алқа отырысында берілген тапсырмалар аясында университет алдында тұрған міндеттер сараланды. Академиялық мәселелер, білім беру бағдарламаларын талдау бойынша проректор Асхат Чукуров баяндама жасады.
Ғылым департаментінің директоры Эльмира Әдиетова ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді. Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ляйля Койшыгулова «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы университет міндеттеріне тоқталды. Сонымен қатар стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Бақыт Алтынбасов университеттің даму стратегиясы және оны жүзеге асыру тетіктері жөнінде баяндады.
Кеңейтілген мәжіліс соңында қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
📷 Дополнительные изображения