Media Image
20.02.2026 12

«Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік қауіптер: сталкинг және дропперлік әрекеттер»

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің Бағдарламалық инженерия кафедрасының 6B06101 «Дизайндағы қолданбалы информатика» мамандығы студенттерінің қатысуымен «Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік қауіптер: сталкинг және дропперлік әрекеттер» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымы мол тәрбиелік шара ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жастар арасында әлеуметтік қауіптердің алдын алу, олардың туындау механизмдерін терең түсіндіру және құқықтық жауапкершілік туралы нақты, жан-жақты ақпарат беру болды.

Қазіргі цифрлық дәуірде сталкинг пен дропперлік әрекеттер қоғам үшін аса өзекті мәселеге айналып отыр. Интернет пен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы бір жағынан жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, екінші жағынан түрлі құқықбұзушылықтардың да көбеюіне себеп болуда. Осыған орай студенттерге аталған қауіптердің негізгі белгілері, олардың психологиялық және құқықтық салдары, сондай-ақ қорғану жолдары кеңінен әрі түсінікті форматта жеткізілді.

Кездесуге Атырау облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторлары, полиция подполковниктері Бақтыгереева Анаргүл Бақтыгерейқызы мен Есенгалиева Эльвира Избасқанқызы арнайы қатысып, тәжірибеге негізделген маңызды деректермен бөлісті. Құқық қорғау саласының мамандары сталкингтің қауіпті қырларын, дропперлік схемалардың қалай жүзеге асатынын және заң алдындағы жауапкершіліктің салдарын нақты оқиғалар арқылы әсерлі түрде түсіндірді.

Шара барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын ашық қойып, білікті мамандардан құқықтық кеңестер алды. Әсіресе интернет қауіпсіздігі, жеке деректерді қорғау, күмәнді қаржылық ұсыныстардан сақтану сияқты маңызды тақырыптар жан-жақты талқыланды. Мұндай ашық әрі мазмұнды диалог жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, саналы азаматтық ұстанымның қалыптасуына зор ықпал етті.

Іс-шараны топ кураторы Молдашева Жадыра Жоламановна және 2 курс студенттері ұйымдастырды.

Қауіпсіз қоғам құру – әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады. Ал құқықтық сауаттылық – сол жауапкершіліктің берік тірегі.