Media Image
02.02.2026 17

Атырау университетінде жасанды интеллект технологияларына арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қазақстанда жарияланған Жасанды интеллект жылы аясында әрі Каспий маңы елдері университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының Бас Ассамблеясы шеңберінде «Агроөнеркәсіптік және балық шаруашылығы кешенінде жасанды интеллект технологияларын қолдану: халықаралық тәжірибе» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел барысында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті, Санкт-Петербург федералдық зерттеу орталығы РҒА, Астрахан мемлекеттік техникалық университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік аэроғарыштық аспап жасау университеті, Дағыстан мемлекеттік университеті, С.А.Ниязов атындағы Түрікменстан ауыл шаруашылығы университеті, сондай-ақ Кипрдің Никосия университеті мен Жерорта теңізі басқару ғылымдары институтының өкілдері агродрондар, интеллектуалды мониторинг жүйелері, VR технологиялар, акваөсіру, цифрлық трансформация және жасанды интеллектті ғылым мен білім беру үдерісіне енгізу бағыттары бойынша мазмұнды баяндамалар жасады.

Іс-шараның ашылуында Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректоры, Каспий маңы елдері университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының президенті, профессор Саламат Идрисов құттықтау сөз сөйлеп, жасанды интеллекттің аграрлық және балық шаруашылығы салаларын цифрландырудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Сағидоллаұлы, Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Александр Неваленный, Дағыстан мемлекеттік университетінің ректоры Муртазали Рабаданов қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.

Астрахан мемлекеттік техникалық университеті атынан ректор, профессор Александр Неваленный мен доцент Елена Чертина, Санкт-Петербург федералдық зерттеу орталығы РҒА және Санкт-Петербург мемлекеттік аэроғарыштық аспап жасау университетінен профессор Андрей Ронжин, техника ғылымдарының кандидаты Валерий Захаров және профессор Галина Пешкова, Атырау университетінен б.ғ.д., профессор Сағындықова София, Дағыстан мемлекеттік университетінен ректор Муртазали Рабаданов, проректор Муртузали Рабаданов және доцент Гарун Султанов, Түрікменстан ауыл шаруашылығы университетінен Меретмухаммет Ходжанепесов пен Сурай Султанова, сондай-ақ Кипрдің Никосия университеті мен Жерорта теңізі басқару ғылымдары институтынан ғылым докторы Александра Фигурек баяндама жасап, жасанды интеллектті агроөнеркәсіптік және балық шаруашылығы салаларына енгізудің халықаралық тәжірибесімен бөлісті.

Жиынға Атырау университетінің жұмыс беруші серіктестері – Атырау бекіре өсіру зауытының директоры Болат Мухатжиев, тұйық су айналымы қондырғысы цехының меңгерушісі Нұрболат Супыгалиев, Жайық–Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Артур Сәдібекұлы, сондай-ақ «Caspian Royal Fish» ЖШС-нің балық өсіру жөніндегі бас маманы Ахат Ниматов қатысып, сала мен білім беру арасындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Іс-шара соңында қатысушылар агроөнеркәсіптік және балық шаруашылығы кешендерін цифрландырудағы заманауи технологиялардың рөліне тоқталып, Каспий маңы өңірінде халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту бағытында пікір алмасты. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша бірлескен ғылыми жобалар мен тәжірибе алмасуды жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Дөңгелек үстел аясында Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Александр Николаевич Неваленныйге (Ресей Федерациясы) Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессор» атағы салтанатты түрде табысталды.