Media Image
04.02.2026 16

Қазақстан-Әзербайжан: білім мен ғылымдағы ынтымақтастық

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Қазақстан–Әзербайжан жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы: өңірлік аспект» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара екі ел арасындағы білім беру, ғылыми-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелдің ашылуында Атырау облысының Ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, университет ректоры Саламат Идрисов кіріспе сөз сөйлеп, Қазақстан мен Әзербайжан университеттері арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңызын атап өтті.

Шараға онлайн форматта қосылған Сумгаит мемлекеттік университетінің ректоры Аминага Бахман оглы Садыгов сөз сөйлеп, екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ляззат Жылқышиева өз сөзінде өңірлік деңгейдегі халықаралық ынтымақтастықтың қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне тоқталды.

Дөңгелек үстелге Әзербайжанның ұлт көшбасшысы, мемлекет қайраткері Гейдар Алиев атындағы шәкіртақы иегерлері қатысты. Айта кетейік, 2012 жылдан бері Атырау университетінің 70 студенті Гейдар Алиев атындағы шәкіртақы иегері атанған болатын.

Іс-шара барысында спикерлер екіжақты байланыстардың әртүрлі бағыттарын қамтыған мазмұнды баяндамалар жасады. Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов Әзербайжанмен ғылыми және білім беру саласындағы серіктестіктің даму перспективаларын таныстырды. Ал Сумгаит мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, UNEC Қарабақ экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Шафа Тифлис оглы Алиев Әзербайжан-қазақ экономикалық қатынастарының заманауи стратегиялық аспектілеріне талдау жасады.

Сонымен қатар Атырау облысындағы «Новруз» әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы, Атырау университетінің Құрметті профессоры Эльдар Ахмедов этномәдени ұйымның екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытудағы үлесін атап өтті.

Сумгаит мемлекеттік университетінің доценті, PhD докторы Юсифали Латиф оглы Гасанов сөз сөйлеп, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың білім мен ғылым саласындағы маңызына кеңінен тоқталып, Әзербайжанның ұлт көшбасшысы, мемлекет қайраткері Гейдар Алиев атындағы халықаралық шәкіртақысының дәстүрлі түрде тағайындалуын жоғары бағалайтынын айтты.

Дөңгелек үстел пікір алмасумен аяқталып, қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар жасалды.