Бірегей білім беру жобасы: «Ұстаз» мектебінің нәтижелі бастамасы
Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректоры Саламат Нұрмұханұлы бастамасымен, Жарғы негізінде «Ұстаз» мектебінің 2021–2022 оқу жылының түлегі Бектөре Рашидұлы, «Ұстаз» мектебінің директоры Қалуова Сәнім Уапқызы тараптар ретінде үшжақты келісімшартқа қол қойды.
Келісім аясында заман талабына сай оқытудың жаңа технологиясы – дуалды оқыту жүйесі, кәсіби шеберлікті дамыту және еңбекке 100% орналасу мүмкіндігін қамту мәселелері үшжақты түрде бекітілді.
«Ұстаз» мектебі университет ректорының бастамасымен ашылған, республикада теңдесі жоқ орта білім беру ордасы болып саналады. Ерекшелігі – бұл мектепте болашақ ұстаз болатын ұл балалар ғана білім алады.
Бұл келісім «Ұстаз» мектебі үшін алғашқы баспалдақтың берік қазығы қағылды деуге толық негіз бар. Себебі 2026 жылы «Ұстаз» мектебінің алғашқы түлектері жоғары оқу орнын тәмамдап, еңбек жолына араласады.
Ғалимов Бектөре – мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік тәмамдаған студенттердің бірі, болашақ физика пәнінің мұғалімі. Бейініне сәйкес, өзі оқыған мектепте дуалды оқыту жүйесі арқылы еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды. Сәттілік тілейміз!
Мектеп пен ЖОО арасындағы бұл жоба аясында алғашқы жас ұстаздардың жемісін облыс пен қала мектептері биылдан бастап көре бастайды. Жобаның басты мақсаты – нәтижелі, тұлғалы, елге қызмет ететін ер мұғалімдерді даярлау. Бұл арманның жүзеге асарына сенім мол.