«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанмен кездесу өтті
Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің мүшесі, Қазақстанның құрметті заңгері Құспан Абзал Темірғалиұлының қатысуымен студенттер мен жастарға арналған кездесу өтті.
Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қазіргі қоғам үшін өзекті мәселелер қозғалды. Спикер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызын атап өтіп, заңды білу мен оны сақтау әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі екенін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
Іс-шара барысында соңғы уақытта қоғамда кеңінен талқыланып жүрген мәселелерге де назар аударылды. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көтерген қыз алып қашу секілді ескі дәстүрлер, нашақорлық, алаяқтық, жастар арасындағы «закладчик» әрекеттері, заңсыз банктік және коллекторлық қызмет, дропперлікке қатысты жаңа және жаңартылған заң нормалары жан-жақты түсіндірілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттер мен жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және әрбір құқыққа қайшы әрекеттің заң алдындағы жауапкершілігін ұғындыру болды.
Жиынға ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов жетекшілік етті. Сонымен қатар Атырау өңірі атынан Ұлттық құрылтайға қатысқан мұнай-газ саласының ардагері, «Барыс» орденінің иегері Мақсым Ізбасов сөз сөйлеп, құрылтай барысында көтерілген маңызды бастамалар туралы жастарға мазмұнды ақпарат берді.
Кездесу аясында Құспан Абзал Темірғалиұлы өзінің «Алаш заңгерлері» атты еңбегін университет кітапханасына сыйға тартты. Сондай-ақ университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен Құспан Абзал Темірғалиұлына Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің құрметті профессоры атағы берілді.