Media Image
03.10.2025 73

Ғылым мен білімдегі инновациялық технологиялар – уақыт талабы

Қазіргі заманда білім мен ғылым ел дамуының негізгі тірегіне айналды. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылым мен инновацияны дамыту – стратегиялық міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында атап өткендей: «Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды». Бұл – жаңа дәуірдің шындығы.

Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және білім беру платформалары бүгінгі таңда ғылыми зерттеу мен оқытудың мазмұнын түбегейлі өзгертіп отыр. Ғылымның нақты нәтижеге жұмыс істеуі – патенттерге, жаңа технологияларға, өндіріске енгізілетін инновацияларға негізделуі тиіс. Осы тұрғыда цифрландыру мен жасанды интеллектті білім жүйесіне енгізу еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Осы мақсатта 2025 жылдың 3 қазанында Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясымен бірлесіп «Білім мен ғылымдағы қолданбалы мәселелерді шешудегі цифрлық технологиялар мен пәнаралық тәсілдер» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Бұл алқалы жиында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қоғамдағы рөлі жан-жақты қарастырылып, олардың мүмкіндіктерін тиімді қолданудың жолдары талқыланды. Конференция барысында халықаралық деңгейдегі ғалымдардың баяндамалары тыңдалып, заманауи талаптарға сай ой-пікірлер ортаға салынды.

Конференция соңында қатысушылар физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Атырау облысының құрметті азаматы Ерсайын Уалитханұлы Ихсановты 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.