
Жануарлар әлемін қорғаудағы ғылым мен қоғамның өзара байланысы
Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде 4 қазан- дүниежүзілік жануарларды қорғау күніне орай “Жануарлар әлемін қорғаудағы ғылым мен қоғамның өзара байланысы” атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынның мақсаты- облыс аумағындағы жануарлар әлемін қорғау ісінде ғылым мен қоғамның өзара байланысын нығайту, ғылыми зерттеулер нәтижелерін қоғамға жеткізу, экологиялық мәдениетті арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен әрекетін үйлестіру арқылы жануарлар дүниесін сақтаудың тиімді тетіктерін айқындау.
Шарада Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор Мансия Есенаманова алғы сөз сөйлеп, қоғамның жануарлар дүниесін қорғаудағы рөлі туралы маңызды ойларымен бөлісті .
Жиында «Ақжайық» МТР РММ ғылыми қызметкер-ихтиологы Сымбат Сабирова, экоаналитика маманығының студенті Лалита Баянғали, биология мамандығының студенттері Асылай Медеуова және Гаухар Ажигереева мазмұнды баяндамалар жасап, пікірлерін ортаға салды.
Дөңгелек үстелде облыс аумағындағы жануарлар әлемін сақтау бойынша жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары талқыланды.
Жиын соныңда дөңгелек үстелге қатысушылар ортақ ұсыныстар жасап, естелік суретке түсті.