Media Image

1 шілде 2025

Жаратылыстану ғылымдары факультетінің түлектеріне диплом табысталды

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінде 2024–2025 оқу жылының бітіруші түлектеріне диплом табысталды.
Осыдан 85 жыл бұрын құрылған факультетте жаратылыстану, мұғалімдік және ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтар бойынша  мыңдаған жастар білім алып, қазір олар өндірістің әр саласында, мектептерде еңбек етуде. Олардың 30-дан астамы ғылыммен шұғылданып, доктор, ғылым кандидаты атақтарына ие болды.
Биыл факультеттен биология, химия, экология, география, тарих, туризм  және балық шаруашылығы бағыттары бойынша 150 түлек диплом алып, үлкен өмірге қадам басқалы тұр.
Салтанатты шараға университет басшылығы мен оқытушылар құрамы, түлектердің ата-аналары қатысып, бітірушілерге ақ жол тіледі. 
«Бүгін университетіміз үшін тағы бір ерекше күн. Биыл оқу ордамыздың 85 жылдық мерейтойының қарсаңында бітіріп жатқан жаратылыстану ғылымдары факультетінің студенттеріне диплом табыстау рәсімі өткелі тұр. Барша түлектерді университет ұжымы атынан құттықтаймын! Жаратылыстану ғылымдары факультеті - университеттің ғылыми әлеуетін дамытып жүрген факульттеріміздің бірі деп есептеймін. Осы тұста студенттерімізді ғылым жолына баулыған факультет ұстаздарына алғыс білдіремін»,- деді ректор Саламат Идрисов.
Диплом табыстау кешінде қоғамдық шараларға белсене араласқан студенттерге, волонтерларге, облыстық, республикалық додалардың жеңімпаздарына университет ректоры, факультет деканы, қала әкімі, «AMANAT» партиясы, облыстық ішкі саясат басқармасының атынан арнайы алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты кештегі маңызды сәттердің бірі әскери кафедраны сәтті аяқтаған түлектерді запастағы лейтенант шенімен марапаттау рәсімі өтті.
Шара барысында түлектер мен ата-аналар атынан жүрекжарды лебіздер айтылып, салтанатты кеш ерекше әсермен аяқталды.
Құрметті  Атырау университеті түлектері! Сіздерге жарқын болашақ, сәттілік пен табыс тілейміз! Ақ жол, жас маман!

file
file