
30 маусым 2025
Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті түлектеріне диплом табысталды
85 жылдық тарихы бар білім ордасы Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің бітіруші түлектеріне арналған диплом табыстау салтанатты кеші өтті.
Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті – Атырау университетінің ең көне факультеттерінің бірі. 1950 жылы Филология және география факультетінің құрамында ашылды. Еліміздегі гуманитарлық, педагогикалық, әлеуметтік бағыттағы кадрлар сапасын арттыру, бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды дайындап шығаруды мақсат еткен факультетті биыл 180 түлек бітірді.
Салтанатты жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер және ата-аналар қатысты. «Құрметті түлектер, ата-аналар және ұстаздар қауымы! Төрт жыл бұрын мектепті аяқтап, университет қабырғасына қадам басқан жас түлектер бүгінде жас маман болып, оқу ордамыздан түлеп ұшқалы тұр. Осы жылдар ішінде кәсіби маман болу үшін қажетті барлық білім мен дағдыларды елімізге белгілі оқу ордасынан толықтай ала алды деп ойлаймыз. Өз атымнан және Атырау университетінің ұжымы атынан өмірдің жаңа белесіне аттағалы тұрған қадамдарыңызға ақ жол тілеймін! Дипломдарыңыз құтты болсын!»,- деді ректор Саламат Идрисов құттықтау сөзінде.
Салтанатты шараның алғашқы бөлімінде магистранттар мен тарих, журналистика, музыка және халық аспаптары мамандықтары бойынша білім алған бакалавр түлектеріне дипломдар табысталды. Қоғамдық шараларға белсене араласқан студенттерге, волонтерларге, облыстық, республикалық додалардың жеңімпаздарына университет ректоры, қала әкімі, «AMANAT» партиясы, облыстық ішкі саясат басқармасының атынан арнайы алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, әскери кафедраны аяқтап, запастағы лейтенант шенін алған түлектер үшін де арнайы марапаттау рәсімі өтті.
Жиынның екінші бөлімінде Музыка және өнер, сондай-ақ Бейнелеу өнері және дизайн кафедраларының түлектеріне дипломдар табысталды. Кеш соңында түлектер мен ата-аналар атынан алғыс сөздер айтылып, «Студенттік өмір» және «Саяхат» әндері орындалды.
Қоғамға қажетті білікті мамандарды даярлап шығарған білім ордасы – Атырау университеті түлектерді үлкен өмір жолына шығарып салды. Жас мамандарға жарқын болашақ, шығармашылық табыс, кәсіби жетістіктер тілейміз!
