АҚШ-тың Чикаго қаласында ұйымдастырылған ASEEES 2026 (Association for Slavic, East European, and Eurasian Studies) халықаралық ғылыми конференциясы — Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Еуразия тарихы, саясаты, экономикасы мен халықаралық қатынастарын зерттеушілердің басын қосатын әлемдегі ең беделді академиялық алаңдардың бірі.
Жыл сайын конференцияға әлемнің түрлі елдерінен 2800-ден астам ғалым мен зерттеуші қатысады. Бұл ғылыми ортада Гарвард (Harvard University), Стэнфорд (Stanford University), Колумбия (Columbia University), Калифорния университеті — Беркли (UC Berkeley), Мичиган университеті (University of Michigan) және басқа да жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен зерттеушілері ғылыми пікір алмасады.
Осы беделді халықаралық ғылыми алаңда «Amtorg and Soviet-U.S. Trade Relations (1924–1933): Legal and Economic Foundations of Bilateral Cooperation» тақырыбындағы зерттеуімді ұсындым. Баяндамада АҚШ пен Кеңес Одағы арасында ресми дипломатиялық қатынастар орнамаған кезеңдегі экономикалық ынтымақтастықтың қалыптасуы, «Амторг» корпорациясының екі мемлекет арасындағы сауда байланыстарын дамытудағы стратегиялық рөлі және халықаралық сауданың құқықтық-экономикалық механизмдері талданды. Сонымен қатар, 1924–1933 жылдар аралығында қалыптасқан сауда қатынастарының екі ел арасындағы саяси сенім мен дипломатиялық байланыстарға қалай ықпал еткені қарастырылды. Зерттеудің басты ғылыми тұжырымдарының бірі — экономикалық мүдделер мен іскерлік байланыстар ресми дипломатиялық қатынастар болмаған жағдайда да мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа негіз қалап, кейінгі саяси жақындасуға ықпал ете алатындығы.
Мұндай халықаралық конференциялар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін әлемдік академиялық қауымдастыққа таныстыруға, жетекші зерттеушілермен пікір алмасуға және жаңа ғылыми ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.
Ғылымның дамуы халықаралық ғылыми диалогтан, жаңа идеялар мен зерттеу нәтижелерін еркін алмасудан басталады. Қазақстандық тарихи зерттеулерді халықаралық ғылыми кеңістікте таныту және отандық ғылымның жаһандық академиялық қауымдастықпен байланысын нығайту — маңызды міндеттердің бірі.