Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығына арналған «Рахымжан Отарбаев мұрасы: ұлттық әдебиет, тарихи сана және рухани сабақтастық» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жинға онлайн қатысып пікір білдірген Индиана университетінің ғалымы, аудармашы Шелли Файервазер-Вега мен Валенсия университетінің зерттеушісі Тинка Гарденги қазақ жазушысының шығармаларымен танысып, шет тілдеріне аударып жатқандықтарын жеткізді.
Шелли Файервазер – Вега, аудармашы, Индиана университетінің ғалымы:
- Дәл қазір мен Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романын қазақ тілінен ағылшын тіліне аударып жатырмын. «Бас» — Қазақстанның аса маңызды қаламгерлерінің бірінің қызықты романы. Отарбаев өте өнімді жұмыс істеген автор: ол кеш кеңестік кезеңде де, посткезеңде де көптеген әңгімелер, романдар мен пьесалар жазған. Біз ағылшын тіліне көбінесе The Skull («Бас сүйек») деп аударып жатқан оның «Бас» романы — бұл сатиралық шығарма. Бұл оқиға ұлы қазақ ақыны әрі жауынгері Махамбеттің кесілген басын тауып алған жас қазақ археологі Ернест туралы баяндайды. Археолог Махамбеттің бас сүйегі арқылы ел ішінде қазақтың әдеби мәдениеті мен тарихына деген қызығушылықты қайта жандандырғысы келеді, бірақ үлкен кедергілерге тап болады. Біздің құлшынысы толы археологымыз ұлы ақынның бас сүйегін қабылдайтын бірде-бір мұражайды, институтты немесе университетті таба алмайды. Қанша әрекет етсе де, барлық әкімшілер, шенеуніктер мен декандар кабинеттерінде бас сүйектің болатынына жиренішпен қарап, бұл іске мүлде араласқысы келмейді.
Отарбаевтың бұл романы, әрине, ұлттық сипатқа өте бай: онда қазақ кейіпкерлері мен қазақ тарихына, шынайы және ойдан шығарылған батырларға қатысты сілтемелер өте көп. Аудармашы ретіндегі менің міндетім — Қазақстаннан тыс жердегі оқырмандардың да бұл романды терең түсініп, ондағы жалпыадамзаттық құндылықтарды көре алуын, тарихты, тілді немесе мәдени ерекшеліктерді жақсы білмесе де, басты тақырыптарды ұға алуын қамтамасыз ету.
Аударманың сиқыры да осында — шекараларды осылайша жоя білуде.
Батыс оқырмандары Отарбаевтың «Бас сүйек» романын жоғары бағалайды деп сенемін. Шығармада бюрократия мәселелері, шенеуніктер жүйесінің абсурдтығы сияқты әмбебап тақырыптар қозғалған. Билік пен ақшаның, ықпалдың адамдарды теріс жолға түсіріп, өмір мен мәдениеттегі маңызды нәрселерді ұмыттыратыны, өз елдері мен халқының мүддесін құрбан етіп, тек жеке мүддені көздеуі ашып көрсетілген.
Сонымен қатар, Отарбаев қазақтар үшін бүгінде өте өзекті бола түскен тақырыпты — олардың Солтүстік Американың жергілікті халықтарымен рухани байланысын шебер жеткізеді. Романдағы археолог бір сәтте Солтүстік Америкаға экспедицияға барып, аты аңызға айналған Геронимоның шөпшегімін дейтін апачи гидімен кездеседі.
Қазақтар мен апачилер өздерінің батыр ата-бабалары, өткен тарихы және жиырма бірінші ғасырда осы мұраның Евразияда да, Солтүстік Америкада да отаршыл державалар тарапынан қалай жұтылып, бақылауға алынып немесе елеусіз қалғаны туралы әңгімелеседі. Оқырмандардың Отарбаевтың шығармашылығымен танысатын сәтін асыға күтемін. Аудармам қаңтар айы шамасында дайын болады, содан кейін біз бұл кітапқа баспа іздеуді бастаймыз.
Аударған: :Исимова Назерке Утепбергенқызы
Тинка Гарденги, аудармашы, Валенсия университетінің зерттеушісі:
Менің атым — Тинка Гарденги. Мен Испанияданмын және бүгін мен үшін Рахымжан Отарбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай оның шығармашылығы туралы бірнеше сөз айту үлкен қуаныш. Қазір мен Испанияда тұрамын және Орталық Азия әдебиетін зерттеушімін, әсіресе қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығын зерттеумен айналысамын. Сондықтан да Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын оқи отырып, жазушының естеліктер, тарих және болмыс мәселелерін қалай қозғайтыны маған ерекше әсер қалдырды.
Жақында мен оның «Мен де сендей болғанмын» атты көрнекті туындысын оқыдым. Роман маған зор әсер қалдырды. Шығарманың негізгі кейіпкері — Махамбеттің бет-бейнесін қалпына келтіруге тырысқан ғалым болып табылады. Алайда оның ізденісі бірте-бірте әлдеқайда терең мәнге ие болады: ол тарихи естеліктер мен бүгінгі ұрпақ пен бұрынғы ұрпақ арасындағы байланысты іздеуге ұласады.
Осы тұста мен Шыңғыс Айтматовтың шығармаларымен өте қызықты үндестік пен ұқсастықты байқаймын. Екі жазушы үшін де естеліктер — өткенді еске алу ғана емес. Ол біздің кім екенімізді айқындайтын болмысымыздың бір бөлігі екенін көрсетеді. Өткен шақ бүгінгі күнмен тілдесуін тоқтатпайды және бізге мынадай сұрақ қояды: қоғам өз тарихымен байланысын үзгенде не болады?
Міне, сондықтан да мен Отарбаев шығармашылығына тәнтімін. Оның таза қазақ тарихы мен мәдениетінен бастап, бүкіл адамзатқа ортақ, әмбебап сұрақтарға жауап іздеу қабілетін жоғары бағалаймын.
Жазушының туындылары жақын арада испан тіліне, содан кейін итальян, португал, ағылшын және неміс сияқты басқа да еуропалық тілдерге аударылады деп шын жүректен үміттенемін. Еуропалық оқырмандардың бұл бірегей қазақ авторынан ашар жаңалықтары әлі алда деп сенемін.
Аударған: : Исламова Асия Болатқызы