Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Директорлар кеңесінің төрағасы Бейбіт Баймағамбетұлы Мамраев төрағалық етті.
Отырыста университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисовтің 2025 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Онда университеттің өткен жылдағы негізгі қызмет бағыттары, жүзеге асырылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпарат берілді.
Директорлар кеңесінің отырысында Атырау университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор лауазымдарына жарияланған конкурсқа қатысқан кандидаттардың өтініштері қаралды. Сондай-ақ, кандидаттардың стратегиялық даму жоспарлары тыңдалып, талқыланды.
Директорлар кеңесінің шешімімен әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор қызметіне аталған лауазымды бұрыннан атқарып келе жатқан Қойшығұлова Ләйлә Ерболатқызының, ғылым және инновациялар жөніндегі проректор лауазымына Алтынбасов Бақыт Өмірханұлының кандидатураларын қолдап, бекітуге ұсынды.
Сонымен қатар, университетте Қоғамның омбудсмені лауазымын қалыптастыру мәселесі де қаралды. Қоғамдық омбудсмен білім алушылар мен қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың өтініштері мен мәселелерін қарауға, туындаған мәселелердің әділ әрі ашық шешілуіне ықпал етеді. Осы лауазымға Бақытова Айдана Жанатқызының кандидатурасы қаралып, бекітуге ұсынылды.
Директорлар кеңесінің отырысында университеттің алдағы даму бағыттары айқындалып, білім мен ғылымды дамытуға, басқару тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды міндеттер белгіленді.