Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов Fulbright бағдарламасымен келген волонтер Логан Смитті (Logan Smith) қабылдады.
Fulbright – халықаралық білім және академиялық тәжірибе алмасуға бағытталған беделді бағдарлама. Бағдарлама түрлі елдердің білім беру орталары арасындағы байланысты нығайтып, тілдік тәжірибе мен мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік береді.
Кездесуде Басқарма төрағасы – ректор шетелдік маманға жаңа қызметінде сәттілік тілеп, оның университеттің білім беру және халықаралық ортасын дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.
– Атырау университетіне қош келдіңіз! Біз үшін халықаралық академиялық байланысты дамыту, студенттерімізге әлемдік білім кеңістігімен етене араласуға мүмкіндік жасау – маңызды бағыттардың бірі. Сіздің қызметіңіз студенттеріміз бен оқытушыларымыздың ағылшын тілін жетілдіруіне, мәдениетаралық қарым-қатынасын кеңейтіп, жаңа тәжірибе жинақтауына ықпал етеді деп сенеміз. Алдағы жұмысыңызға табыс тілеймін, – деді Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов.
Шетелдік ерікті Логан Смит жылы қабылдауға ризашылығын білдіріп, Атырау университетінің академиялық ортасымен жақынырақ танысуға, студенттермен және профессор-оқытушылар құрамымен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Білікті маман 2026–2027 оқу жылында профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерге ағылшын тілінен сабақ беріп, олардың тілдік дағдыларын жетілдіруге, ағылшын тілінде еркін академиялық және кәсіби қарым-қатынас жасау қабілеттерін дамытуға атсалысады.