Медиа ресурстар
АКАДЕМИК МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН КІТАПТАР ЖАРЫҚ КӨРДІ
Жаңалықтар

АКАДЕМИК МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН КІТАПТАР ЖАРЫҚ КӨРДІ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің ғылыми мұрасына арналған екі жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Кітаптардың таныстырылымы Х.Б. Табылдиев атындағы тарих, археология және этнология ғылыми-зерттеу институтының бастамасымен ұйымдастырылды. Жаңа басылымдар ғалымның еңбектерін жүйелеп, Қазақстан, соның ішінде Атырау өңірінің тарихына қатысты құнды деректерді ғылыми айналымға енгізуге бағытталған.
Алғашқы кітап – тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Л.Б. Бердығожин, Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі, магистр, аға оқытушы Д.Ж. Алипова, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Ж. Жамбылов авторлық еткен «Хисмет Бозанұлы Табылдиев: тарихшы ғалым тұлғасы» атты монография.
Еңбекте академиктің ғалым, ұстаз, ұйымдастырушы және қоғам қайраткері ретіндегі тұлғасы кеңінен қарастырылады. Оның отандық тарих ғылымына, өлкетануға және жоғары білім саласына қосқан үлесі ғылыми тұрғыдан сараланады.
Хисмет Бозанұлы 1963 жылдан бастап Гурьев педагогикалық институтында еңбек етіп, оқытушылықтан проректорлыққа дейінгі қызметтерді атқарды. 1991 жылы оқу орнының басшылығына келіп, университеттің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Ғалымның ғылыми ізденістерінің негізгі бағыттарын Қазақстан тарихы, Атырау өңірінің өткені, өлкетану, ұлт-азаттық қозғалыстар және ағартушылық тарихы құрады.
Монографияның тұсауын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Болат Жұмағұлов пен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамиға Таңатарова кесті.
Екінші басылым – Х.Б. Табылдиев атындағы «Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ҒЗИ директоры, қауымдастырылған профессор, тарих ғылымдарының кандидаты  С.Ж. Сапанов, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор С.Б. Аймуратов, Х.Б. Табылдиев атындағы «Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ҒЗИ ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі А.Д. Абдулов, Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің оқу ісі жөніндегі декан орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі А.О. Орынбасаров құрастырған «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Атырау облысы. Деректер жинағы» атты еңбек.
Деректер жинағы Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің жеке мұрағатында сақталған құжаттар негізінде әзірленген. Басылым соғыс жылдарындағы өңір тарихын нақты құжаттар арқылы зерделеуге мүмкіндік береді. Жеке мұрағат материалдарының ғылыми айналымға енгізілуі сол кезеңдегі Атырау облысының қоғамдық өмірі мен тарихи ахуалын тереңірек танып-білуге жол ашады.
Кітаптың тұсауын Атырау облысының Құрметті азаматы, университеттің Құрметті профессоры Мұрат Өтешов пен философия ғылымдарының докторы, профессор Ахан Бекежан кесті.
Қос кітаптың жарық көруі – академик Хисмет Табылдиевтің ғылыми мұрасын жинақтап, жүйелеп, кейінгі буынға жеткізу жолындағы маңызды қадам. Әсіресе ғалымның жеке мұрағатындағы тарихи құжаттардың ғылыми еңбекке арқау болуы өлке тарихын дерек негізінде зерделеу ісіне қосылған елеулі үлес.