
17 мамыр 2025
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Атырау жастарымен кездесті
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Атырау облысының жастарымен кездесу өткізді.
Кездесуге Атырау университетінің жас ғалымдары мен студенттер, Атырау өңірінің белсенді жастары қатысты. Шара барысында Мәлік Отарбаев білім ордасының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, ғалымдар мен студенттердің ғылыми жетістіктерінің көрмесін тамашалады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында көтерген өзекті мәселелері мен тапсырмалары кеңінен талқыланды.
Жиында жасанды интеллект, ғылымды дамыту тақырыбында информатика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы, жас ғалым Мақсот Рахметов, экокампустың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы жұмыстары мен мақсаты жайында университеттің жас маманы Жанерке Мұстахим және жастардың көшбасшылық жолы туралы «Сенатор» дебат клубының жетекшісі Аружан Ренатқызы ой бөліссе, Атыраулық жас көшбасшылар атынан «Жастар рухы» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы сөйлеп, бірқатар ұсыныстарын айтты.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізуден бастап, IV Ұлттық құрылтайда айтылған 53 тармақтан тұратын нақты тапсырмаларға тоқталды. Кеңесші бұл тапсырмалардың іс жүзінде орындалуы үшін еліміздің бірнеше аймақтарына іс-сапармен барғандығын атап өтті.
«Ел Президенті Ұлттық құрылтайда ғылым және білім салаларына көңіл бөлу керектігін айтты. Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті еліміздің белгілі оқу орындарының қатарында. Аталған университетте білім алу - үлкен мәртебе және сапалы білім алумен қатар оны бойларыңызға сіңіруге де үлкен мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы жас ғалымдардың дамуына, идеяларын жүзеге асыруына барлық жағдайды жасауда. Әрбір университет үлкен көлемдегі ғылыми жобаларды іске асырып отыр. Сонымен қатар Президент жас ғалымдармен жыл сайын кездесу өткізіп тұрады», - деді Мәлік Нұржанұлы.
Сонымен қатар Мәлік Нұржанұлы 2025 жылы «Қазақ» атауының ресми түрде қайта оралуына 100 жыл толып отырғанын айтып, халқымыздың тарихи жады мен рухани болмысын сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.
Шара соңында кеңесші жас ғалымдар, өңір жастарымен естелік суретке түсіп, жылы лебізін білдірді.