Медиа ресурстар
Әскери кафедра түлектеріне әскери шендер мен әскери билеттер табысталды
Жаңалықтар

Әскери кафедра түлектеріне әскери шендер мен әскери билеттер табысталды

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде әскери кафедраның 2026 жылғы түлектеріне «Запастағы лейтенант» және «Запастағы кіші сержант» әскери шендері мен әскери билеттерді табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға университет басшылығы, әскери кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, Қорғаныс істері жөніндегі органдардың өкілдері, ата-аналар және қонақтар қатысты.

📌 Биылғы рәсімнің басты ерекшелігі – университет тарихында алғаш рет «Запастағы лейтенант» әскери шенін алған түлектерге әскери билеттердің де салтанатты түрде табысталуы болды.

📍 ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес 68 түлекке «Запастағы лейтенант» әскери шені берілсе, Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бұйрығына сәйкес 100 түлек «Запастағы кіші сержант» әскери шеніне ие болды.

🎓Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисов әскери кафедра түлектерін құттықтап, әскери атаққа ие болу олардың табандылығы, тәртіпке деген адалдығы мен жауапкершілігінің нәтижесі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, әскери кафедрада алған білім мен тәжірибе түлектердің қай салада еңбек етсе де ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдіріп, Отанның тұтастығы мен өркендеуі жолында абыройлы еңбек етуге шақырды.

Іс-шара барысында әскери шендер мен әскери билеттер табысталып, түлектер атынан алғыс сөздер айтылды. Салтанатты кеш патриоттық әндер мен ұлттық музыкалық шығармалардан құралған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Салтанатты жиын соңында әскери кафедра бастығы, запастағы полковник Руслан Жалғасұлы Наурзбеков жас офицерлер мен сержанттарды әскери шендерімен құттықтап, алдағы қызметтері мен еңбек жолдарына сәттілік тілеп, ел игілігі жолындағы абыройлы қызметтеріне ақжол тіледі.

🇰🇿 Әскери кафедра өз қызметі арқылы еліміздің Қарулы Күштері үшін білікті, жауапты әрі отансүйгіш запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлауды жалғастырып келеді.