Медиа ресурстар
Еуразиялық желілік университеттің IV форумы: халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері
Жаңалықтар

Еуразиялық желілік университеттің IV форумы: халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері

Астрахань қаласында «Еуразиялық желілік университет» ғылыми-білім беру консорциумының IV форумы өтті. Ауқымды халықаралық іс-шараның бірлескен ұйымдастырушысы әрі өткізу алаңы В. Н. Татищев атындағы Астрахан мемлекеттік университеті болды. Форум Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің өкілдері мен бірыңғай ғылыми-білім беру кеңістігін дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі шетелдік серіктестердің басын қосты. Бүгінде Еуразиялық желілік университет құрамына әртүрлі елдерден 41 жоғары оқу орны енген, ал консорциум өз аясын белсенді түрде кеңейтуді жалғастыруда. Аталған маңызды жиынға университетіміздің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Бақыт Өмірханұлы Алтынбасов қатысты.

Форум аясында өткен отырыста қатысушылар Еуразиялық желілік университетті құру туралы үкіметаралық келісім жобасын талқылап, ЕЖУ – 2026 олимпиадасының қорытындысын шығарды. Сонымен қатар білім беру, ғылым және академиялық ұтқырлық бағыттарындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.

Жиын барысында бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, қос дипломды бағдарламаларды ілгерілету және консорциумға мүше елдердің университеттері арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Форум шеңберінде университетіміздің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Бақыт Өмірханұлы Алтынбасов жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың өкілдерімен бірқатар келіссөз жүргізді. Олардың қатарында Махтумкули атындағы Түрікмен мемлекеттік университеті, С. А. Ниязов атындағы Түрікмен ауыл шаруашылығы университеті, Үргеніш мемлекеттік педагогикалық институты, Беларусь мемлекеттік азық-түлік және химиялық технологиялар университеті, сондай-ақ Inderprastha Engineering College бар.

Кездесулер барысында университетіміздің шетелдік серіктестермен ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық жобаларды іске асыру бағыттары бойынша өзара әріптестікті нығайтуға басымдық берілді.

Жалпы, форум тәжірибе алмасуға, жоғары білім беруді дамытудың заманауи үрдістерін талқылауға және халықаралық әріптестікті нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды. Еуразиялық желілік университет академиялық алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және жаңа буынның жоғары білікті мамандарын даярлау мүмкіндіктерін кеңейте отырып, бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыруды жалғастыруда.