Медиа ресурстар
«Ақын. Публицист. Ғалым» атты ғылыми семинар өтті
Жаңалықтар

«Ақын. Публицист. Ғалым» атты ғылыми семинар өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының, Лондондағы Eurasian Creative Guild халықаралық шығармашылық ұйымының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, ақын, әдебиеттанушы-сыншы, публицист Гүлзада Ниетқалиеваның мерейлі жасына арналған «Ақын. Публицист. Ғалым» тақырыбындағы ғылыми семинар өтті.

Офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылған семинардың ашылуында Атырау университетінің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлова алғы сөз сөйлеп, мерейтой иесінің қазақ әдебиеті мен журналистикасы, руханият пен ғылым саласына қосқан еңбегін атап өтті.

Жиында мерей той иесі Гүлзада Ниетқалиеваға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.
Іс-шара барысында Гүлзада Ниетқалиеваның өмір жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, ақынның поэзиясы, публицистикалық мұрасы, әдеби-сын еңбектері мен ғылыми ізденістері жан-жақты талқыланды. Семинарда Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы Мұрат Өтешов «Арды ойлаған ақын қыз» тақырыбында, ф.ғ.д., профессор Қадыр Жүсіп «Гүлзада Ниетқалиева поэзиясының көркемдік ерекшелігі» тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар профессорлар, ғалымдар, мәдениет және әдебиет өкілдері — м.ғ.д., профессор София Сағындықова, аға оқытушы Ләззат Мажитова, Атырау университетінің Құрметті профессоры Төлеген Жаңабаев, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Гүлзира Аяпова, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Бибігүл Қайыржанова, Өнертану кандидаты Ақнар Тәттібайқызы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Нұрсұлтан Мықтыбаев мерейтой иесінің шығармашылығындағы ұлттық рух, туған жер тақырыбы, мифологиялық және аңыздық желілер, сөз бен музыка үндестігі, авторлық қолтаңба, поэзиядағы рухани құндылықтар туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.

Семинарға офлайн қатысушылармен қатар, онлайн форматта Алматы, Астана және Түркиядан зиялы қауым өкілдері қосылды. Атап айтқанда, Алматы қаласынан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.к., профессор Сәуле Жанпейісова «Гүлзада Ниетқалиева жырларындағы сөз бен музыка үндестігі» тақырыбында баяндама жасады. 

Семинарға ғалымдар, ақын-жазушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен студент жастар қатысты. Жас зерттеушілер мен студенттер Гүлзада Ниетқалиеваның өлеңдеріндегі махаббат лирикасы, Жайық бейнесі және рухани құндылықтар тақырыбында баяндамалар ұсынды.

Шара соңында мерейтой иесіне арналған құттықтаулар айтылып, жазушы Исатай Балмағамбетов, журналист Сәуле Отарбаева, Мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов, Қазақстанның Құрметті журналисі Светлана Қайырғалиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлмайдан Сүндетова, ақын Даража Балапан, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Ханзада Сахыпова, Атырау университетінің аға оқытушысы Гүлсара Қайырова ізгі тілектерін жеткізді. Құттықтаушылар қатарында Түркиядан «Түрксой» түркі халықтары қауымдастығының өкілі Санжар Мүләзімоғлы, Астана қаласынан Айнұр Елемесова онлайн форматта қатысып, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді. Қатысушылар Гүлзада Рахметқызының қазақ әдебиеті мен журналистикасын дамытудағы еңбегіне жоғары баға берді.