Медиа ресурстар
Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев Атырау студенттерімен жүздесті
Жаңалықтар

Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев Атырау студенттерімен жүздесті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті қабырғасында көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаевпен кездесу өтті.

Іс-шараға университет оқытушылары, студенттер және «Ұстаз» мектебінің шәкірттері қатысты. Кездесу барысында Асқар Серқұлұлы ғылымдағы жолы, математика саласының маңызы және жас ғалымдарға қойылатын талаптар туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.

Асқар Жұмаділдаев 1956 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Ол – отандық ғылымның дамуына зор үлес қосқан, әлемдік деңгейде танылған математик. Ғалым тек ғылым саласында ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде де белсенді қызмет атқарған.

Айта кетейік, бұл – академиктің аталған университетке екінші сапары. Бұған дейін ол дәстүрлі түрде үш жылда бір рет өтетін физика-математика ғылымдарының өзекті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, баяндама жасаған болатын.

Кездесу аясында университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен Асқар Жұмаділдаевқа Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағы табысталды. 

Іс-шара соңында қатысушылар академиктің дәрісі жас ұрпақты ғылымға, ізденіске жетелейтініне сенім білдірді.