Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің базасында француз тілі пәні бойынша XVIIІ Республикалық пәндік олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиынға Қазақстан Республикасындағы Франция Елшілігінің атташесі Грета Комур Тилуа ханым арнайы қатысты.
Шара барысында Атырау университеті мен Францияның Пуатье университеті арасындағы 10 жылдан асқан табысты ынтымақтастықтың нәтижелері сараланды. Бүгінде 480-нен астам студент француз тілін негізгі және екінші шет тілі ретінде меңгеріп жатса, Erasmus+ бағдарламасы аясында жыл сайын білім алушылар Францияның жетекші оқу орындарына жолдама алуда. Мәселен, биылғы іріктеу қорытындысы бойынша тағы 7 студент келесі оқу жылында Пуатье университетінде білім алатын болады.
Кездесудің маңызды жаңалығы ретінде университет жанынан Француз тілі орталығының ашылатыны хабарланды. Бұл орталық тек тілді тереңдетіп оқытып қана қоймай, студенттерді халықаралық DELF емтихандарына дайындайды және тілдік емес мамандықтарға арналған арнайы курстар ұйымдастырады.
Сонымен қатар, тараптар халықаралық әріптестікті кеңейту, өңірдегі мектептерге француз тілін енгізу және қос дипломды бағдарламаларды дамыту бағытындағы жоспарларын талқылады.