Абай орталығы алаңында «Ұлттық кітап күні» апталығының ашылуына орай «Артық білім кітапта…» атты OPEN AIR іс-шарасы өтті.
OPEN AIR іс-шарасына Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің студенттері қатысты.
Іс-шара барысында кітаптың қоғамдағы маңызы кеңінен насихатталып, оқырман арасында кітап оқуды нығайтуға бағытталған мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырылды. Көпшілікке «Сіздер үшін ең жаңасы», «Бір ел – бір кітап», «Бір өлке – бір жазушы» және Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығына арналған «Қара сөздің хас шебері» кітап көрмелері ұсынылды. Сонымен қатар «Кітапхана өмірінен» фотогалереясы көрермен назарына ұсынылды.
«Ерікті болу – жүректің ісі» көрмесі аясында қатысушылар ерікті жастармен пікір алмасты. Балаларға арналған «Жаңа кітап – жаңа әлем» көрмесі, «Кітап әлеміне саяхат» ойындары, QR викториналар мен танымдық шаралар, шеберлік сағаттары жас оқырмандардың қызығушылығын арттырды.
Сондай-ақ, әдеби салонда жергілікті ақын-жазушылар автограф беріп, рухани сұхбат өрбіді. Қаладағы «Академик Зиманов кітап үйі» ЖШС және «КІТАП АЛ» кітап дүкені де қатысып, кітап жәрмеңкесін ұйымдастырды.