Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің музей жетекші мамандары педагогика ғылымдарының кандидаты Баянсұлу Тыныбаева және педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағимов университет жанындағы “Ұстаз” мектеп-интернатының оқушылары мен Тарих мамандығының 1 курс студенттеріне арналған “Жәдігер көрсең жинай жүр” атты ерекше танымдық кездесу өткізді.
Кездесу барысында белгілі тарихшы, өлкетанушы, профессор Шахман Нағимов университеттің даму тарихына арналған 12 тақырып пен 23 бөлімнен тұратын музей-көрмені жан-жақты таныстырды. Ол көрмедегі құнды жәдігерлер мен тарихи деректер туралы кеңінен айтып, жастардың қызығушылық танытқан сұрақтарына жауап берді.
Іс-шара университеттің Ғылыми кітапханасында жалғасын тапты. Мұнда 1940 жылы Гурьев мұғалімдер институты ретінде ашылған оқу орнының қалыптасу кезеңінен бастап, бүгінгі жетістіктеріне дейінгі тарихы слайд арқылы көрсетілді.
Кездесу соңында жастарға арнайы музей брошюрасы табысталды. Сонымен қатар кезінде осы оқу орнында білім алған, бүгінде ел құрметіне бөленген азаматтар мен білім, ғылым, тәрбие саласында еңбек еткен ардагерлердің артында қалған құнды жәдігерлерді жинақтап, музей қорына тапсыру туралы ұсыныс айтылды.
Тағылымды шара соңында оқушылар мұндай кездесулердің жиі ұйымдастырылуын қалайтындарын жеткізіп, өздері үшін көптеген жаңа мәлімет алғандарын атап өтті.