Медиа ресурстар
Атырау университетінде эдвайзерлерге арналған семинар өтті
Жаңалықтар

Атырау университетінде эдвайзерлерге арналған семинар өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде факультеттер эдвайзерлері мен декан орынбасарларының қатысуымен «Таңдау аптасындағы эдвайзердің рөлі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – академиялық таңдау аптасы аясында эдвайзерлердің кәсіби қызметін жетілдіру, студенттердің білім беру траекториясын тиімді қалыптастырудағы олардың рөлін нақтылау және туындайтын мәселелер бойынша ортақ түсінік қалыптастыру.

Семинар барысында Тіркеу офисінің жетекшісі Куккузова Э.И. эдвайзер қызметінің маңыздылығына ерекше тоқталып, студенттердің жеке білім беру траекториясын қалыптастырудағы негізгі міндеттері мен функцияларын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, студенттердің эдвайзерге қандай мәселелер бойынша жүгінетіндігі және академиялық қолдау көрсету тетіктері туралы маңызды ақпараттар ұсынылды.

Өз кезегінде вице-проректор Сулейменова Ж.У. білім беру бағдарламаларының жұмыс оқу жоспарлары, элективті пәндер каталогы, сондай-ақ Coursera платформасын пайдалану мүмкіндіктері туралы кеңінен айтып өтті. Сонымен қатар, таңдау аптасы барысында туындауы мүмкін кедергілер мен оларды жедел шешу жолдары, жауапты құрылымдар туралы нақты түсіндірмелер берілді.

Атап өту керек, 2026 жылғы таңдау аптасы академиялық күнтізбеге сәйкес 6–18 сәуір аралығында өтеді.

Семинар барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауаптар беріліп, тәжірибелік мәселелер талқыланды. Декан орынбасарлары ауысу арқылы келген және қайта оқу курсына қалған студенттермен жұмыс істеу ерекшеліктері бойынша өзекті ақпараттар алды.

Аталған семинар эдвайзерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ студенттерге сапалы академиялық қолдау көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды алаң болды.