Media Image

17 сәуір 2025

Атырау университетінде интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасы таныстырылды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Силлено» ЖШС «Атырау облысында алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу. Екінші кезең (полиэтилен өндірісі)» жобасына құрылыс-монтаж жұмысы кезеңіне экологиялық әсер ету рұқсатын алу мақсатында «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімі бойынша ашық жиналыс түріндегі қоғамдық тыңдау және студенттер үшін арнайы ақпараттық семинар өтті.
«Каспиймұнайгаз» Ғылыми-зерттеу және жобалау институты АҚ мен «Силлено» ЖШС бірігіп өткізген шараға Атырау университетінің білім алушылары мен оқытушы-профессорлары қатысты.
«Атырау университетінде жол картасына сәйкес танымдық-ақпараттық семинар өткізіп жатырмыз. Бүгінгі шараның басты мақсаты – полиэтилен жобасымен таныстыру және оның экологиялық зардабы мен халықтың әл-ауқатына қалай әсер ететіндігін нақты түсіндіру. Екінші маңызды тұсы - жергілікті кадрларды жұмысқа тарту мәселесі. Осы бағытта университеттің болашақ мамандарына жергілікті жерде мамандық бойынша жақсы жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бар екендігін жеткізгіміз келеді. Семинарға технологиялық үрдістің және кадр бөлімінің мамандары, эколог-инженер Эльдар Ахметов та қатысып отыр», - деді «Силлено» ЖШС бас инженер-экологы Нұржан Нұрмұханов.
Қоғамдық тыңдау барысында студенттер полиэтилен өндірісінің технологиялық процестері, негізгі ерекшеліктері және түрлі салалардағы қолдану бағыттары, Қазақстандағы мұнай-газ химия өнеркәсібінің даму болашағы, «Силлено» ЖШС мен оның мердігер ұйымдарында қажетті мамандықтар мен жұмыс мүмкіндіктері туралы толық мәліметпен танысты.
Кездесу соңында білім алушылармен пікір алмасып, сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылды. Студенттер жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, мұнай-газ өндірісінің экологиялық зардаптары, жаңа өнімнің экономикалық тиімділігі туралы сұрақтарын қойды.