Media Image

17 сәуір 2025

Көшбасшы қыздарға арналған тренинг жұмысы жалғасуда

Бүгін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «NextGen Leaders: Қыздардың көшбасшылық жолы» атты семинар-тренингтің екінші күні өз жалғасын тапты. Аталған іс-шара Ішкі саясат басқармасы мен Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отырған Tomiris жобасының аясында жүзеге асуда.
Жоба мақсаты - аймақтағы белсенді әрі ынталы қыздардың көшбасшылық қасиеттерін арттыру, сондай-ақ тұлғалық және кәсіби дамуына ықпал ету. Бұл тренингке қатысу үшін 140 үміткер өтінім берген болса, олардың ішінен арнайы іріктеу нәтижесінде Атырау өңірінің студент және жас маман 70 қызы таңдалып алынған.
Тренинг бағдарламасы қыздардың психология және этикет, қоғамдық салалардағы қыз-келіншектердің рөлі мен көшбасшылық негіздері секілді бағыттар бойынша білім мен тәжірибе алуына мүмкіндік береді.
Бүгінгі күннің шеңберінде қатысушылар «Қазақ қызының бейнесі, дәстүр» тақырыбында Boston University түлегі, документалист әрі танымал инфлюенсер Әлия Әшімнің дәрісін тыңдап, дәстүр мен қазіргі заман арасындағы байланысты терең түсінуге мүмкіндік алды. Әлия өз баяндамасында ұлттық болмыс, қыз тәрбиесі, мәдениет пен ғылымдағы әйелдің орны жайында әсерлі әңгіме өрбітті.
Ертең үш күндік семинар-тренинг өз мәресіне жетпек. Көшбасшы қыздарға сәттілік тілейміз!