Media Image

16 сәуір 2025

Өңірлік мектепте магистратура жөнінде университет мамандарымен кездесу өтті

14 сәуір күні Жалпы білім беретін №43 орта мектепте «Ғылымға қадам-келешекке сенім» атты магистрлер апталығы аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен мектеп арасында білім, ғылым бойынша байланысты нығайтып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру бағытында кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу мақсаты – ғылымның іргесі мектеп қабырғасында басталатындығын түсіндіру, бакалавриаттан кейінгі жоғары білімнің деңгейі, жеке тұлғаның кәсіби, ғылыми және басқарушылық қабілеттерін дамытуға бағытталған магистратура білімі туралы кеңінен насихаттау, мектеп мұғалімдерін білім бағдарламалары бойынша магистратурада білім алуға шақыру.
№43 орта мектепте 2024-2025 оқу жылында 17 магистр жемісті еңбек етіп келеді. Мектепке арнайы барып, Атырау университеті жоғары оқу орнынан кейінгі білім бөлімінің басшысы, қауымдастырылған профессор, э.ғ.к. Эльмира Адиетова, коммерциализация бөлімінің жетекшісі, магистр Мөлдір Расулиева қатысты.
Кездесуде Эльмира Мизамғалиқызы бакалавр деңгейінде алынған жалпылама білімді тереңдетіп, магистратурада білім алған мұғалім өз саласының нақты бір бағыты бойынша мамандандырылған білім алатынына, магистратурада оқудың басты ерекшелігі – ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қадамдар жасайтынына, жалпы магистратураның кәсіби жетістіктің, ғылыми ізденістің және тұлғалық дамудың маңызды баспалдағы екеніне тоқталып өтті.
Іс-шара қорытындысында Атырау университетінен арнайы барған білікті мамандар мектеп мұғалімдерін магистратурада білім алуға шақырды. Алдағы уақытта мектеп басшылығымен тығыз қарым-қатынас орнатып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми мақалалар жазу тақырыптарын қамтитын ғылыми семинарлар өткізу барысы нақтыланды.