
16 сәуір 2025
СТУДЕНТ «ҮЗДІК ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ» НОМИНАЦИЯСЫН ИЕЛЕНДІ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика мамандығының 2 курс студенті Сәнім Марат республикалық байқауда «Үздік деректі фильм» номинациясын жеңіп алды.
Жазушы, баспагер, редактор, этнограф Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл толуына орай дәстүрлі «Зейнолла Сәнік оқулары» аясында өткен студенттер мен магистранттар арасындағы республикалық байқауды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы ұйымдастырған.
Республикалық байқауға келіп түскен шығармашылық жұмыстар «Үздік баспасөз материалы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Үздік деректі фильм», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» сынды төрт номинациясы бойынша сарапқа түскен. Ғылым докторлары мен кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы Атырау университетінің журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының студенті Сәнім Мараттың «Парасат биігі – Зейнолла Сәнік» атты деректі фильмін «Үздік деректі фильм» аталымына лайықты деп бағалады.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұжымы студенттер арасында шығармашылық байқау ұйымдастырып, болашақ журналистердің кәсіби дағдысын шыңдауға бастамашы болған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлына, «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазановаға және байқаудың бас демеушісі «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорына алғыс білдіреді.
Сәнімге шығармашылық табыс, жаңа туындылар мен жарқын жеңістер тілейміз!
Біз сенімен мақтанамыз!