
15 сәуір 2025
«Тәртіп және заң» құқықтық сауаттылық айлығы басталды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Тәртіп және заң» құқықтық сауаттылық айлығы басталды.
Айлық аясында өткізілетін шаралардың басты мақсаты – мектептер мен студенттік оқу топтарында құқықтық тәрбие беру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастарды заңды құрметтеуге баулу.
Құқықтық сауаттылық айлығының алғашқы дәрісіне Атырау қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Айбол Ідірісов, Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов, Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Қойшығұлова қатысып, студенттер арасындағы құқықтық сауаттылық жөнінде бірқатар мәселелерді айтты.
«Тәртіп және заң» құқықтық сауаттылық айлығы барысында экономика және құқық факультеті құқық бұзушылық түрлері, оның ішінде бұзақылық, топтық төбелеске қатысу, суық қарумен жүру, зорлық-зомбылық жасау, алаяқтық, буллинг, нашақорлыққа көмектесу т.б. және осы қылмыстар үшін берілетін жазалар туралы мәліметті қамтитын қысқаша жадынама дайындап шығарады.
Осы айлық барысында өткізілетін дәрістерде тек құқықтық заңнамалар ғана емес, сонымен қатар жас тыңдаушыларға жаза алған адамның жеке басына түсетін қиыншылықтармен қатар, олардың отбасына түсетін ауыртпалықтар сияқты психологиялық, моральдық жақтары да кеңінен, мысал келтіріле отырып түсіндірілетін болады.