Media Image

5 сәуір 2025

«Академиялық жазылым негізінде ғылыми жұмыстарды жазудың жолдары» атты біліктілік курсы өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Академиялық жазылым негізінде ғылыми жұмыстарды жазудың жолдары» атты ғылыми-әдістемелік семинар форматындағы біліктілік курсының қатысушыларына сертификаттар табысталды.

ЖОО оқытушыларын кәсіби дамыту, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қабілеттерін жетілдіру және академиялық жазылым дағдыларын меңгеріп, ғылыми мақалалар, баяндамалар мен диссертациялар жазудың негізгі талаптарын үйрену мақсатында ұйымдастырылған семинарға Атырау университетінің оқытушылары белсене қатысты.

Ғылым департаментінің ұйымдастыруымен курсқа қатысқан 110 тыңдаушыға Ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Қансұлу Өтепқалиева сертификаттар табыс етті.

Семинар барысында қатысушылар ғылыми мәтін құрылымы, эссе жазу түрлері, зерттеу жұмыстарына тақырып таңдау, плагиаттан сақтану, сілтеме жасау стильдері және академиялық адалдық мәселелері бойынша толық ақпарат алды. Бағдарлама аясында семинарға қатысушылар эссе, ғылыми мақала және диссертация жазу барысы туралы тәжірибе алмасты.

Ғылыми ортада академиялық жазу мәдениетін дамытуға үлес қосатын, оқытушылардың ғылыми жазылым деңгейін көтеруге әсер ететін семинар жоғары деңгейде өтті.