Media Image

1 сәуір 2025

Ғылыми-әдістемелік семинар өтті

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Академиялық жазылым негізінде ғылыми жұмыстарды жазудың жолдары» атты ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

ЖОО оқытушыларын кәсіби дамыту, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қабілеттерін жетілдіру және академиялық жазылым дағдыларын меңгеріп, ғылыми мақалалар, баяндамалар мен диссертациялар жазудың негізгі талаптарын үйрену мақсатында ұйымдастырылған семинарға Атырау университетінің оқытушылары белсенді қатысты.

Ғылыми-әдістемелік семинар спикері – Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Еділбай Оспанов. Ол – академиялық жазылым бойынша бірнеше оқу құралдарының авторы және жоғары оқу орындарында осы бағытта оқыту әдістемесін дамытуда тәжірибелі маман.

Семинар барысында қатысушылар ғылыми мәтін құрылымы, эссе жазу түрлері, зерттеу жұмыстарына тақырып таңдау, плагиаттан сақтану, сілтеме жасау стильдері және академиялық адалдық мәселелері бойынша толық ақпарат алды. Бағдарлама аясында семинарға қатысушылар эссе, ғылыми мақала және диссертация жазу барысы туралы тәжірибе алмасты.

Ғылыми ортада академиялық жазу мәдениетін дамытуға үлес қосатын, оқытушылардың ғылыми жазылым деңгейін көтеруге әсер ететін семинар жоғары деңгейде өтті.