Media Image

2 сәуір 2025

Ректор Әлем кубогының иегері Альфия Тілекқабылды қабылдады

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті, Әлем кубогының иегері Альфия Тілекқабыл мен оның бапкері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, “Құрмет”, “Парасат” орденінің иегері, Атырау университетінің түлегі Жандос Қияновты ректор Саламат Идрисов қабылдап, жеңістерімен құттықтады.

Грузияның астанасы Тбилисиде 23-25 наурыз күндері өткен парадзюдодан Әлем кубогында Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Альфия Тілекқабыл (J1, -52 кг) алтын медаль жеңіп алды. Финалдық белдесуде Альфия Тілекқабыл NPA өкілі Виктория Потапованы сенімді түрде жеңіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл жетістік оның халықаралық аренадағы кезекті табысы.

Жеңісті жарыстан кейін университет ректоры Саламат Идрисов спортшыны арнайы қабылдап, оның ел абыройын асқақтатқан жеңісімен құттықтады. Кездесу барысында «Атырау университеті Альфияға ұдайы қолдау көрсетіп, ұжымдағы әрбір азамат жанкүйкер болып келеді. Спортшы – әрбір жарыста елдің абыройын биіктетіп, жанкүйерлерін қуантып жүр. Биыл Альфия мамыр айында Астана қаласында өтетін парадзюдодан әлем чемпионатына қатысады. Дүрбілі додада Альфияға кезекті жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін. Сәттілік тілеймін!», - деді ректор Саламат Идрисов.

Альфияның жаттықтырушысы Жандос Қарақожаұлы спортшының 2022 жылдан бастап парадзюдомен айналысып, осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда ұлттық құрамадағы ең жас дзюдошылардың бірі екенін және болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар қатарында екенін ерекше атап өтті.