Media Image

23 наурыз 2025

22 НАУРЫЗ - ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Наурыз мерекесі – әлемдегі көптеген халықтың дәстүріне енген, ерте заманан келе жатқан мерекелердің бірі. Орта Азия халықтарында наурызды бес мың жыл бойы тойлап келеді. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді.

Бүгін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті қаланың орталығы Исатай-Махамбет алаңында алты қанат киіз үй тігіп, ұлттық мерекені ұлықтады.

Киіз үйдегі думанды іс-шараны университеттің көптілді білім беру факультеті ұйымдастырып, ұлттық салт-дәстүрден бата беру, тұсау кесу және киіз үй маңында ұлттық спорттық ойындардан жарыс өткізу сынды іс-шараларды өткеріп, көрерменге мерекелік шағын концерт қойды. Сондай-ақ, факультеттің әрбір кафедрасында қызмет ететін оқытушы-профессорлар құрамының бірлікте атсалысуымен әзірлеген жеті дәннен пісірілген наурыз көже алаңға келіп, Атырау университетінің киіз үйіне кірген жұртшылыққа таратылды.

Тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағында Атырау университетінің ұжымында еңбек ететін барлық азаматтың отбасынан амандық, деніне саулық тілейміз.