Media Image

18 наурыз 2025

Атырау облысының құрғақ жағдайында жемшөп өндірісінің мәселелері мен келешегі талқыланды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қазақстандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген ғалым, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы Болат Мұхамбетовтың 80-жасқа толу мерейтойына арналған «Атырау облысының құрғақ жағдайында жемшөп өндірісінің мәселелері мен келешегі» атты дөңгелек үстел өтті.

Қазақстанның мал азықтық алқаптарында тұрақты басқару мен жемшөп өндірісін жетілдіру мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылған ғылыми жиынға ғалымдар, ауыл шаруашылығы саласының жетекші мамандары, кәсіпкерлер мен мемлекеттік ұйым өкілдері қатысты.

Болат Мұхамбетов – ауыл шаруашылығы саласында 250-ден астам ғылыми мақала жариялап, түйежоңышқаның екі жаңа сортына патент алған ғалым. Оның еңбектері республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де жоғары бағалануда.

Жиынның алғы сөзінде «сіз - еңбекке ерте араласып, бейнетті істерді табандылықпен атқарып, ғылым жолына мол тәжірибемен келген зерделі ғалымсыз. Қазақстаның батыс аймағында мал шаруашығы саласын дамытуға зор үлес қосып, нәтижелі зерттеулер жасап, аталған саланы экономикалық тұрғыда алға ілгерлетуге сүбелі еңбек сіңірдіңіз. Жазған еңбектеріңіз отандық ғылымды дамытуға үлкен үлесін қосып келеді. Осы орайда, сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін»,- деді университет ректоры Саламат Идрисов.

Дөңгелек үстел барысында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев, академик, биология ғылымдарының докторы Ғалиолла Мейірманов, «Атыраугидрогеология» ЖШС ғылыми жетекшісі Едіге Сабуров, «Өнеркәсіптік микробиология» компаниясының директоры, биология ғылымдарының кандидаты Ерік Шорабаев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің докторанты Есім Кенесов, Х.Б.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарих, археология және этнология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Аққали Ахмет, Атырау университетінің жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Арман Жұмағазиев сынды ғалымдар өзекті тақырыптарда баяндамалар жасап, Болат Мұхамбетовты мерейлі жасымен құттықтады.

Болат Мұхамбетов өнегелі өмірі мен ғылымдағы жолы туралы «ауыл шаруашылығы ғылымына еңбек сіңірген ұлы тұлғалардың жалғасы деп бүгінгі мерей той иесін айта аламын. Болат Мұхамбетов ғылымға берілген тұлға. Кейінгі кезде Атырау өңірінің жер жағдайын зерттеп, ауыл шаруашылығын дамытамын деп еңбек етіп жүр. Түйежоңышқаның бірнеше сорттарын шығарып, ресми түрде тіркеп, жем-шөп өндірісінде үлкен жетістікке жетті. Соңғы уақытта изенді өсіру тәсіліне патент алып, ғылыми ізденістің үстінде жүрген ғалым», - деп өй бөлісті академик, биология ғылымдарының докторы Ғалиолла Мейірманов.

Жиын барысында мерей той иесі Болат Мұхамбетовке ғылымға сіңірген еңбегі мен жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздық қызметі үшін Х.Досмұхамедов атындағы медаль және Ардагерлер кеңесі тәлімгері медалі табыс етілді.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде Болат Мұхамбетов өзінің ғылыми ізденістері мен жетістіктері туралы айтып, келелі ой бөлісті. Ол Қазақстандағы мал азықтық өндірісті жетілдіру үшін ғылым мен тәжірибенің үйлесуі маңызды екенін атап өтті.

Шара соңында баяндамашылар мен қонақтар естелік суретке түсіп, мерей той иесіне жылы лебіздерін білдірді.