
17 наурыз 2025
17 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ұлыстың ұлы күні-Наурыз мерекесіне орай «Шаңырақ берекесі – ынтымақтастық» атты мерекелік кеш өтті.
Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің ұйымдастырған шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар мен студенттер белсене қатысты.
«Биыл дәстүр бойынша Наурыз мерекесі наурызнамаға сай 10 күн тойлануда. Қазақ халқы үшін шаңырақ - киелі ұғым. Тілек айтқанда әрдайым бірінші шаңыраққа тілек білдіреміз, жастар отау құрғанда да «шаңырақтарың биік болсын» деп ниет етіп жатамыз. Сондықтан еліміз бен отбасының негізгі ұйытқысын шаңырақ деп есептеуге болады. Бүгінгі шара - жастар арасында ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттаудың үлкен қадамы деп есептеймін. Баршаңызға Амал мерекесі құтты болсын!»,- деді алғы сөзінде университет ректоры Саламат Идрисов.
Мерекелік шарада студенттер мен оқытушылар ұлттық құндылықтарды насихаттайтын көріністер мен қойылымдар қойып, ән-жырдан шашу шашты. Факультет кафедралары «Мың төбе», «Береке», «Асыл мұра» және «Қазына» ауылдарына бөлініп, ұлттық дәстүрлерімізден әсерлі көрініс қойды. Сонымен қатар оқытушылар мен студенттер дайындаған күй шашу, 2-курс студенттері дайындаған «Қазақ қызының таңдауы» көрінісі көпшіліктің көңілінен шықты.
Кеш соңында барлық қатысушылар бірлесе қазақ әндерін шырқап, мерекелік дастарханнан дәм татты.