
14 наурыз 2025
№39 мектеп оқушылары Х.Табылдиев атындағы ҒЗИ жұмысымен танысты
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде №39 мектеп оқушыларына арналған танымдық кездесу өтті. Шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамиға Таңатарова жетекшілік етті.
Кездесу барысында оқушылар Х.Б.Табылдиев атындағы ғылыми-зерттеу институтының қызметімен танысып, өлке тарихына қатысты маңызды мәліметтер алды. Профессор Жамиға Тәжікқызы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері, кеңестік кезеңдегі отырықшыландыру және бай-кулактарды конфискациялау процестері, саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссия жұмысының нәтижелері туралы әсерлі баяндама жасады.
Дәріс кезінде оқушылар Батыс Алаш қозғалысы, Атырау өңіріндегі Алаш бөлімшесі туралы толымды сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Сонымен қатар Халел Досмұхамедовтың өнегелі өмірі, Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойы мен оқу орданың терең тарихы туралы әңгіме өрбіді.
Оқушылар мемлекеттік комиссия жариялаған құжаттар жинағын зерттеп, Х.Табылдиевтің «Атырау отты жылдарда» атты еңбегіндегі тарихи деректермен танысты. Танымдық шара университет мұражайына саяхатпен жалғасып, жас жеткіншектер Атырау университетінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, 14 наурыз – Көрісу мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараларға, қазақтың ұлттық дәстүріне ерекше қызығушылық танытты.
Танымдық кездесу оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулуға маңызды қадам болды.