
14 наурыз 2025
Атырау университетінде Амал мерекесі тойланды
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Ұлыстың ұлы күні қарсаңында дәстүрлі Көрісу мерекесі тойланды.
Экономика және құқық факультеті ұйымдастырған іс-шараның шымылдығы ұлттық дәстүр бойынша «Көрісу» рәсімімен ашылып, жиналған қауым бір-біріне амандық-саулық тілеп, құшақ жая қауышты.
«Бүгін барлық түркі халқының Көрісу мерекесі. Қазіргі таңда елімізде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен Көрісу күні, Амал мерекесі үлкен көлемде аталып өтіп жүр. Былтырдан бері жалпыұлттық Наурыз мерекелері Наурызнама деп аталып, 10 күн көлемінде тойланып бастады. Онкүндік бастамасы оқу орнымызда 85 жылдық аясында Көрісу күнімен ашылып жатыр. Мерекеде баршаңызға амандық пен саулық тілеймін. Жылдан жылға, мерекеден мерекеге аман-есен жете берейік»,- деді құттықтау сөзінде университет ректоры Саламат Идрисов.
Көрісу мерекесінде ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қазақтың төл өнері дәріптелді. Ұйымдастырушылар халқымыздың ұлттық тағамдарын әзірлеп, дастарқан жайды.
Мерекелік концертте Ақтанкерейдің «Жайық деген жанды су» термесі, Құрманғазының «Адай» және Өскенбайдың «Жаңылтпаш» күйлері орындалып, көңілді ән шырқалып көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, факультеттің өнерлі студенттері ұлттық би өнерінің жауһары - «Қара жорға» биін мың бұрала биледі.
Іс-шара соңында Экономика және құқық факультетінің деканы Райхан Утешева ұлттық ойындар мен сұрақ-жауапқа белсене қатысқан студенттерді марапаттады.