
6 наурыз 2025
Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайту бағыттары
Әзірбайжанның АДА университетінде Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған дөңгелек үстел өтті.
Қос республиканың Ғылым және жоғары білім министрлері, Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісі, екі елдің 30-дан астам университет басшылары шақырылған маңызды іс-шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Чукуров бастаған университет делегациясы да қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – екі ел университеттері арасындағы серіктестікті нығайту мен дамыту.
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндамасында академиялық әріптестікті кеңейтудің маңыздылығын және халықаралық білім хабын құру мүмкіндігін атап өтсе, Әзірбайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев серіктестікке дайын екенін мәлімдеді.
Дөңгелек үстел барысында университет ректорлары академиялық байланыстарды нығайту жөнінде бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсмановтың «Study in Kazakhstan» бағдарламасын таныстырылымын ерекше атап өтуге болады. Ол шетелдік студенттерді тартудағы оң үрдістерді атап өтіп, елдегі білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде дамып келе жатқанын көрсетті.
Қазіргі уақытта Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Каспий маңы елдерінің мемлекеттік университеттері қауымдастығы және Түркі университетаралық одағы, сондай-ақ түрлі бағдарламалар мен бастамалар аясында Әзірбайжан университеттерімен ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Дөңгелек үстел аясында Баку қаласындағы университеттерде академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы білім алып жатырған Атырау университетінің студенттері Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесті.
Жиынға қатысушылар инновациялардың дамуы, бизнес ортаның нығаюы және Қазақстан мен оған шекаралас аймақтарда тұрақты еңбек нарығын қалыптастыруға ықпал ететін адам капиталының маңыздылығы секілді өзекті тақырыптарға назар аударды.