Media Image

3 наурыз 2025

Х.Досмұхамедов университеті бірқатар меморандумға қол қойды

Атырауда өткен ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының кезекті көшпелі отырысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты өңірдің экономикалық өсуіне ықпал ететін бірлескен ғылыми зерттеулердің тиімді дамуына және нәтижелілігін арттыруға жәрдемдесуді ұйымдастырады. Сонымен қатар университет «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» және «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» сынды елімізге белгілі серіктестіктермен де меморандумға қол қойды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өңірлер деңгейінде ғылым мен инновацияларды дамыту қажеттігіне баса назар аударып, жергілікті атқарушы органдарға ғылым және технологиялар жөніндегі Өңірлік кеңестер құру тапсырмасына сай осы мәселені шешу жөнінде нақты шараларды жүзеге асырып келеді. 

Бұл туралы «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында өткен ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының кезекті отырысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылым жөніндегі проректоры Қансұлу Өтепқалиева өз баяндамасында атап өтті.

Проректор Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде  ҚР ҒжЖБМ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру аясында 12 ғылыми жоба орындалып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша 4 жоба, университеттің тапсырысы бойынша 2024 жылы 11 университетішілік жоба жүзеге асқан. Бас қосуда аталған жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.

Жиында Атырау университетінің бастамасымен өңірдегі проблемаларды шешу  мақсатында өңірде ғылыми кластер жасақтауға қатысты ұсыныстары айтылды.  «Онда өңірлік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға жергілікті бюджеттен инвестициялар тарту,  университет пен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастықты арттыру, инновациялық платформалар мен хабтар құру, өңірде тиімділікті бағалау және мониторинг жүйелерін енгізу, жергілікті ғылыми қоғамдастықты немесе ғылыми кластерді тарта отырып, өңірді дамытудың басым бағыттары бойынша жыл сайын ғылыми жобалар конкурсын ұйымдастыру және өткізу ұсынылады», - деді ғылым жөніндегі проректор Қ.Өтепқалиева.

Меморандум Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президиумының кезекті көшпелі отырысы аясында іске асты. Жиынға ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев пен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, өңірдегі ЖОО ғалымдары, ірі өндірістік компания өкілдері қатысты.