
3 наурыз 2025
Атырауда ғылымды қолдау қоры және өңірлік кеңес құрылады
Атырауда ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президиумы өңірлік ғылымды және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі кезекті көшпелі отырысын өткізді. Жиынға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары да қатысып, ғылым жөніндегі проректор Қансұлу Өтепқалиева баяндама жасады.
Көшпелі отырыс аймақтағы ғылымды дамытуға жергілікті биліктің ғылыми жобаларды, зерттеуші ғалымдарды қолдау мәселесін талқылады.
«Өкінішке орай, бізде бұл мәселе әлі де назардан тыс қалып отыр және мұның бәрі экономиканың даму қарқынына теріс әсер етуде. Сондықтан да Мемлекет басшысының өңірлер деңгейінде ғылым мен инновацияларды дамыту қажеттігіне баса назар аударып, жергілікті атқарушы органдарға ғылым және технологиялар жөніндегі Өңірлік кеңестер құруды және осы мәселені шешу жөнінде нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырғаны кездейсоқ емес. Алайда, жергілікті жерлерде бұл тапсырманың орындалу барысы тиісті деңгейде емес екеніне көз жеткіземіз»,- деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев.
Көшпелі отырыс жұмысына ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президиум мүшелері, академиктер мен қызметкерлер, Атырау облысының әкімі, облыстық әкімдік басқармаларының басшылары, өңірлік университеттер мен ғылыми ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ өндірістік және сервистік компаниялардың өкілдері, өзге де ұйымдар қатысты.
Сондай-ақ, көшпелі отырыс аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми зерттеу жобаларының көрмесі өтті.