
28 ақпан 2025
Ұстаз еңбегі - ел игілігі
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде оқу ордасының 85 жылдық мерейтойы мен 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай «Ұстаз еңбегі – ел игілігі» атты ардагер ұстаздарға арналған алғыс айту кеші өтті.
Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті ұйымдастырған шараға білім ордасында ұзақ жылдар қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаздар, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер мен білім алушылар қатысты.
Іс-шарада сөз алған университет ұжымы ұстаздардың білім беру мен тәрбие саласындағы маңызына тоқталып, олардың еңбегінің арқасында оқу ордасының үлкен жетістіктерге жетіп отырғанын атап өтті. «Атырау университеті тарихында бетке ұстар факультетке айналған Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті 85 жылдан бері өз деңгейінен түспей келе жатқанына ардагер ұстаздарымыздың да үлесі зор. Факультеттің дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздарымызға және қазіргі әріптестерімізге алғыс білдіреміз!»,- деді Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Қойшығұлова.
Шара факультет түлектерінің ардагер ұстаздарға арнаған құттықтау сөздерімен жалғасты. Олар білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғыстарын білдіріп, ұстаздық еңбектің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, университет қабырғасында алған білімнің арқасында жеткен жетістіктерімен бөлісті. «Білім саласында қызмет ету үлкен еңбек пен табандылықты талап етеді. Атырау өңіріндегі педагогтардың басым бөлігін оқытып, тәрбиелеп шығарған ардагер ұстаздарға алғысымыз шексіз! Осы қара шаңырақтан білім алып, ел игіліне қызмет етіп жүргенімізді мақтан тұтамыз»,- деп жылы лебізін білдірді «AMANAT» партиясы Мақат ауданы филиалының атқарушы хатшысы Айбол Долдашов.
Кеш барысында ардагер ұстаздар мен университеттің дамуына ұзақ уақыт үлес қосқан қызметкерлер ерекше құрметке ие болды. Ардагер ұстаздар мен түлектерге арнайы сыйлықтар табысталып, өнерпаз студенттер ән шырқады.
|Іс-шара соңында ардагер ұстаздар жылы естеліктерімен бөлісіп, осындай тағылымды шаралар білім мен тәрбие сабақтастығын одан әрі нығайта түсетінін алға тартып, университет ұжымына ризашылығын білдірді.