Media Image

21 ақпан 2025

«Парасат салтанаты» кітабы жарық көрді!

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдығы және 21 ақпан - Халықаралық Ана тілі күні қарсаңында Атырау облысының Құрметті азаматы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жүсіп Қадыр Өтегенұлының «Парасат салтанаты» кітабының тұсаукесері өтті.

Атырау облысының құрметті азаматтары, Атырау облыстық білім беру мекемелерінің өкілдері, арнайы шақырылған қонақтар, профессор-оқытушылар мен студенттер салтанатты жиында Қадыр Өтегенұлының 65 жылдан астам уақытқа созылған ұстаздық және ғылыми жолына арналған бейнефильмді тамашалады.

Қадыр Өтегенұлы – Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, Парасат орденінің иегері, Атырау облысының құрметті азаматы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне адал қызмет еткен тұлға, академик Зейнолла Қабдоловтың шәкірті, әрі ғылыми дәстүрін жалғастырушы. Ғалымның зерттеулері, әсіресе, Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығы, Махамбеттану мәселелері, Батыс Қазақстан жырауларының әдеби мұрасы еңбектері ұлттық әдебиеттануда маңызды орын алады.

«Бүгінгі тұсаукесері өтіп отырған «Парасат салтанаты» еңбегі – тек бір тұлға туралы ғана емес, тұтас ұлттың рухани әлемі туралы толғаныс. Бұл еңбек Атырау өңірінің танымал тұлғаларының, қазақ әдебиеті мен ғылымына еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолын, халқына жасаған қызметін баяндайды. Сонымен қатар, кітапта өнер, әдебиет, білім саласына қатысты құнды мәліметтер қамтылған. Кітаптың ерекше бір тұсы – оның университетімізде ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған, білім мен ғылым саласына зор үлес қосқан Асхат Сәлімұлы Иманғалиевтің 70 жылдық мерейтойына арналуы. Бұл – ұстаздық пен ғылым жолын ұштастыра білген тұлғаға деген құрметтің белгісі деп білемін», - деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов алғы сөзінде.

Іс-шара барысында университет студенттері ақынның өлеңдерін оқып, дәстүрлі өнерден шашу шашты. Әсіресе, «Адай» күйі мен халық әндері көрерменнің көңілін жадыратты.

Құнды жинақ «Парасат салтанаты» еңбегінің лентасын кесу құрметіне Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, профессор Илья Жақанов, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Мұрат Өтешов, Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Мақсым Ізбасов пен университет ректоры Саламат Идрисов ие болды.

«Қазіргі жастарға, мына сіздер мен біздерге Қадыр Жүсіптің әсері ерекше. Қадыр Жүсіптің қазіргі қазақ әдебиетіндегі орны, ақындығы мен ғалымдығы бір төбе. Жасына қарамастан лириканы төгілтіп, мөлдіретіп бере алып отыр»,- деп профессор Илья Жақанов еңбектің маңыздылығына тоқталса, «сіздің «Парасат салтанаты» кітабыңызды «парасат шеруі» десек те болады. Оның ішінде қазіргі жас ұрпаққа үлгі болар ұлы тұлғаларды, ұлы адамдардың өмірі, қасиеті кеңінен жазылған»,- деп Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Мұрат Сақтайұлы еңбекті жоғары бағалады.

«Байлықты материалдық және рухани деп екі түрге ажыратамыз. Олар бір-бірінсіз дами алмайды. Дегенмен рухани байлықтың деңгейі жоғары болуы тиіс. Сондықтан Қадыр ағамыздың өз еңбектері арқылы рухани байлыққа көңіл бөлуі - қоғам мен елдің дамуына,  салт-дәстүріміздің дамуына қосқан үлесі деп білеміз»,- деп Атырау облысының Құрметті азаматы Мақсым Ізбасов жылы лебізін білдірді.

Кеш соңында жиналған қауым  Жүсіп Қадыр Өтегенұлының еңбегіне жоғары баға беріп, алдағы уақытта осындай игі бастамалардың жалғасын табатынына сенім білдірді.