Media Image

19 ақпан 2025

Тәртіпті өзіңнен баста!

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы аясында құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу өтті.                                                   

Экономика және құқық факультетінің оқытушылары мен студенттері қатысқан шарада Атырау облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы, полиция майоры Жеңіс Даулетов, ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Орынгүл Кушкалиева, Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Ұлжан Жанәділқызы және Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Гүлайна Акмурзина сынды кәсіби мамандар баяндамалар жасады.
    

Кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың түрлері мен себептері туралы баяндамасында «Жасөспірімдерге қатысты топтасып қоғамдық орындарда төбелесу, ұрлық, жол көлік оқиғалары және зорлау фактілері мен өз-өзіне қол жұмсау деректері тіркелді. Бұл жасөспірімдердің өздері жасаған кұқық бұзушылықтары болса, жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар да күн санап артуда. Осы себепті ҚР Қылмыстық Кодексiнің 141 бабына «жас баланың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету» деген бөлік қосылды. Осы арқылы ата-аналарға балалардың өміріне, денсаулығына салғырт қарамауға заң жүзінде ескерту жасалды, -  деді дәріскер Орынгүл Кушкалиева.
Жиын барысында құқықтық тәртіп мәселелері мен заңнамадағы өзгерістер қарастырылып, кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына отбасылық жағдайлары жиі әсер ететіні жайлы талқыланды. Сонымен қатар, жастардың есірткіні қолдану немесе оны тасымалдау әрекеттеріне қалай тартылып қалатынына мысалдар келтіріліп, практикалық жағдайлар талданды. Атырау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Ұлжан Жанәділқызы есірткіге тәуелділік жөнінде бейнеролик көрсетті. Студенттер бейнероликке қатысты ойларын білдіріп, сұрақтарын қойды.

Іс-шарада талқыға түскен маңызды мәселелердің бірі - жасөспірімдердің мопед айдауы. Осыған қатысты полиция майоры Жеңіс Даулетов жол көлік жүрісі ережелері мен мопед жүргізушілеріне қойылатын жаңа талаптар жөнінде баяндап, 2025  жылдың 18 қаңтары мен 5 сәуірі аралығында мопедті тіркеу және 16 жасқа толған жасөспірімдерге А1 санатындағы жүргізушігі куәлігін беру жұмыстары жүзеге асатындығы туралы толымды ақпараттарымен бөлісті. 

Кездесу соңында студенттер мазмұнды әрі маңызды ақпараттармен бөліскен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне  ризашылығын білдіріп, естелік суретке түсті.