
28 қаңтар 2025
"Start Up-2024" байқауы жеңімпаздары есеп берді
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде "Start Up-2024" байқауы жеңімпаздарының есептік іс-шарасы өтті.
Профессор-оқытушылар, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысқан жиында жас кәсіпкерлер 1 жылдағы жетістіктері мен атқарған жұмыстарын, әзірлемелерінің прототиптерін көрсете отырып, жобаның алдағы уақыттағы даму жолымен бөлісті.
"StartUp" байқауы - студенттердің шығармашылығын, техникалық ойлауын және кәсіпкерлік жолын көрсетуге арналған креативті алаң.
2024 жылы IT, экология, биотехнология,жасанды интеллект және әлеуметтік кәсіпкерлік бағытындағы жобаларды байқауға қатысқан 22 ұсыныстың ішінен іріктеліп, 13 жоба жеңімпаз атанған еді. Жеңімпаз жобалардың қатарында «Art studio» мен «American English» жобалары – 300 мыңнан, «EdVenture» орталығы және «iCreate» графикалық иллюстрация курсы мен қызметтері – 400 мыңнан, «One way» ораторлық мектебі мен «Newlook» медиа қызметі және «IDEP» клуб – 500 мыңнан, «Шыны қалдықтарын пайдаланып эпоксидті шайырдан әшекей бұйымдар өндіру» – 600 мың, «Soz joq» – 800 мың, «Онлайн бағдарламалау мектебі» – 1 миллион, «Car Wash» мобильді қосымша – 1 миллион 400 мың, «ASU KPI» – 2 миллион 500 мың, «Asu.edu.kz» ақпараттық сайтын жасауға – 2 миллион 800 мың теңге қаражат берілді.
«Командамызбен стартап жобалар байқауында «Атырау университетінің сайты» жобасымен қатысып, бас жүлдені ұтып, 2 800 000 теңге қаржылай көмек алдық. 5 бағдарламашы бірігіп, университетіміздің жаңа сайтын жасап шықтық. Ескі сайттың қателіктерін басшылыққа ала отырып, жаңа сайтқа бірнеше бағдарламалық мүмкіндіктер қостық: іздеу батырмасын енгіздік, медиа ресустар қосуға ыңғайлы болуы үшін бірнеше админ басқару жүйесін енгіздік. Сонымен қатар жаңартылған сайттың басты артықшылығы - түлектер мен сайт қолданушылары жұмыс берушілер тарапынан салынған бос жұмыс орындарын қарайтын бөлім пайда болды. Жаңа сайттың дизайны алдыңғы нұсқаға қарағанда жетілдіріліп, ыңғайлы, әрі минимализм үлгісінде жасақталды”,- деді Start Up байқауының жеңімпазы Дана Саламатқызы.
Есеп беру іс-шарасы студенттер үшін өз жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, пікірлес, тәлімгерлермен әлеуетті серіктестерді табуға тамаша мүмкіндік болды.
“”Endi” жобасының басты мақсаты – Отандық өнімді қалыптастыру. 2024 жылы стартапты ұтып алғалы Атырау өңірінің ерекшелігін танытатын және ұлттық құндылықтар мен университетіміздің имиджін біріктіретін заманауи дизайндағы брендті жобалау үстіндеміз. Өткен жылдың басынан стартап жобаларды қолдау бойынша алған қаражатты пайдаланып нарықты зерттедік, материал іздедік, дизайндар сыздық. Қазіргі таңда дайын 7 дизайн жобасы бар. Алдағы жылда жейделерден бөлек, жаңа дизайндармен жемпірлер шығару жоспарда бар”,- деді “Endi” Start Up жобасының авторы Диас Серікбаев.
Шара соңында жоба авторлары қатысушылармен пікір алмасып, тың ұсыныстар айтылды.
"StartUp-2025" - те жаңа идеялар мен жетістіктерді асыға күтеміз!