Media Image

27 қаңтар 2025

«Қалыптастырушы бағалауда проактивті мұғалім болу қағидаттары» ғылыми-тәжірибелік алаңы

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде әдістемелік декада аясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Атырау қаласының филиалы педагогикалық шеберлік орталығымен біріккен  «Қалыптастырушы бағалауда проактивті мұғалім болу қағидаттары» тақырыбында семинар өтті.

Ғылыми-тәжірибелік алаңның мақсаты - қалыптастырушы бағалау жүйесін жетілдіруде мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін арттыру және проактивті тәсілдерді қолдана отырып, білім алушылардың оқу жетістіктерін жақсарту.

Қалыптастырушы бағалау қазіргі білім беру жүйесінде білім алушының  оқу нәтижелерін тұрақты түрде талдау және жақсарту мақсатында жүргізіледі. Бұл бағалау түрі білім алушылардың оқу барысындағы жетістіктерін, қиындықтарын анықтауға және оларға дер кезінде көмек көрсетуге бағытталып келе жатқандығын семинар жұмысын жүргізген Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері, ф.ғ.к. Алтыншаш Тажигалиева түрлі дереккөздер арқылы  дәлелдеді.

Проактивті тәсілдер – бұл мұғалімнің білім алушылармен нәтижелі кері байланыс орнату және оқыту сапасын арттыру үшін жүйелі құралдар қолданылуы жайында, сонымен бірге проактивті карталар арқылы оқу материалын жеке білім алушының  қажеттіліктеріне сәйкестендіру мүмкіндігі де қарастырылды.

Проактивті карталар – қалыптастырушы бағалау жүйесінде білім алушының  білім алудағы жетістіктерін арттыруға бағытталған инновациялық құрал. Олар мұғалімнің кәсіби дағдыларын дамытып қана қоймай, оқу үдерісін сапалы басқаруға мүмкіндік береді. Бұл тәсілдер қазіргі білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Семинар соңында түрлі ой-пікірлер талқыланып, «4 қандай» әдісі арқылы кері байланыс берілді.