Media Image

27 қаңтар 2025

Қаржы және бухгалтерлік есеп бағытындағы білім беру мәселесі талқыланды

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Қаржы және бухгалтерлік есеп саласындағы заманауи үрдістер: білім және мансап» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен академиялық комитет, Атырау облысының бизнес субъектілерінің топ-менеджерлері, жетекші мамандары, мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері және білім алушылар қатысты.

Дөңгелек үстелде «Бизнес және басқару» дайындық бағыты бойынша 2024 жылғы ҚР Қаржы министрлігі бекіткен стандарттарға байланысты 2 бакалавр және 4 магистратура білім беру бағдармаларының мазмұны айқындалып, пәндердің өзектілігі мен толықтырылуы қажет жетіспеушіліктері талқыланды.

«Бухгалтерлік есеп негіздері» пәнінің атауы тым жалпы, мазмұны да жалпылама түрде қарастырылады. Сондықтан пәнге «Бухгалтерлік есеп теориясы» деген атау беріп, оқу бағдарламасына тереңірек тақырыптарды қосып, практикалық сабақтардың санын арттыру қажет деп есептеймін», - деді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Атырау филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов.

Ал банк өкілдері білім беруде жұмыс берушілердің пікірлері, нарықтағы сұраныстың да ескерілуі қажет екенін айтады.

Сонымен қатар «Fortebank»-тың Атырау филиалының директоры Ринат Исеналиев те қазіргі таңда инновациялық жағдайларда кәсіби шеберлік таныта алатын маман иелерінің аса қажет екендігін, білікті мамандарды дайындауға Атырау университетінің үлесі көп екендігін алға тартып, жүйелі пікірін бөлісті.

Маңызды жиынға қатысқан академиялық комитет төрайымы, қаржы және есеп кафедрасының қауымдастырылған профессоры Альфия Ахметова, кафедрасы меңгерушісі Зита Кенжегалиева және профессорлары Асель Кадырбергенова, Гульмира Ахметова сынды білікті мамандар мазмұнды баяндама жасап, жұмыс берушілердің сын-пікірлерін талқыға салды.